Қоңырау шалып, үнсіз тыңдап тұрады: қауіпті ме

Фото: Depositphotos
Белгісіз нөмір қоңырау шалып, үнсіз тыңдап тұрса, бұл телефон арқылы жасалатын жаңа алаяқтық схема болуы мүмкін, деп хабарлайды nofake.kz/.
Бұл қауіп туралы бұған дейін TashkentTodayUz өзбекстандық порталы да хабарлап, алаяқтардың «үнсіз қоңырауларды» адамның дауысын жазып алу үшін қолданатыны жөнінде ескерту жариялаған.
«Үнсіз қоңыраулар» қалай жұмыс істейді
Мамандардың түсіндіруінше, мұндай қоңыраулар бірнеше мақсатта қолданылады. Біріншіден, алаяқтар телефон нөмірінің қолданыста екенін және оған нақты адам жауап беретінін тексереді. Екіншіден, «алло», «иә» сияқты қысқа сөздің өзі автоматты жүйелер арқылы жазылып, талдануы мүмкін.
ЖИ бойынша сарапшы Қанат Ахатовтың айтуынша қазіргі заманғы технологиялар сөйлеудің өте қысқа үзінділерін де өңдеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде абоненттің дауысы кейінгі шабуылдарда, соның ішінде дауыс арқылы фишинг (vishing) немесе синтетикалық дауыс жасау үшін қолданылуы ықтимал.
«Телефон арқылы жазылып алынған бір-екі сөзден толық бір мәтінді дыбыстайтындай аудио жасау қиын, әрине. Ол үшін кемінде 10-15 секундтық сөйлесу болу керек. Бірақ жалпы алғанда адамның дауысын жазып алып, арнайы технологиялардың көмегімен оны басқа мәтінді дыбыстауда пайдалануға болады», — дейді маман.
Ғылыми зерттеулер не дейді
Бұл қауіп ғылыми зерттеулермен де расталып отыр. Бұл тақырыпта Elsevier платформасында жарияланған «Vishing: Detecting social engineering in spoken communication – A first survey & urgent roadmap» атты шолу мақаласында айтылған.
Зерттеу авторлары телефон арқылы жасалатын алаяқтықтарда сөйлеуді автоматты түрде тану және синтездеу жүйелері кеңінен қолданылып жатқанын атап өтеді. Бұл алаяқтарға шабуылдарды ауқымды, әрі сенімді түрде жүргізуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты адамның дауысы цифрлық биометриялық дерек ретінде ерекше қауіпке ұшырап отыр.
Сонымен қатар, ASRJam: Human-Friendly AI Speech Jamming to Prevent Automated Phone Scams атты тағы бір ғылыми еңбекте «үнсіз» немесе барлау мақсатындағы қоңыраулардың күрделі алаяқтық схемалардың алғашқы кезеңі екені көрсетілген.
Неліктен жауап бермеу маңызды
Киберқауіпсіздік саласындағы сарапшылардың айтуынша, тіпті зиянсыз болып көрінетін қоңыраудың өзі қауіп тудыруы мүмкін. Қоңырауға жауап беру нөмірдің құндылығын арттырады, ал қысқа дауыс үлгісі кейін автоматты талдауға пайдаланылуы ықтимал. Сондықтан мамандар белгісіз нөмірден келген үнсіз қоңырауларға жауап бермеуге кеңес береді.
Қалай сақтанамыз?
Алаяқтық қаупін азайту үшін сарапшылар келесі шараларды ұсынады: белгісіз немесе күмәнді қоңырауларға жауап бермеу;танымайтын нөмірлерден келген қоңырауларда «иә», «алло» сияқты сөздерді айтпау; қоңырауларды бұғаттау және сүзу функцияларын пайдалану; туыстарды, әсіресе егде жастағы адамдарды, мұндай қауіптер туралы құлақтандыру.
Мамандардың пікірінше, «үнсіз қоңыраулар» енді техникалық ақау емес, жасанды интеллект пен дауыс технологияларын пайдаланатын заманауи алаяқтық стратегиясының бір бөлігі ретінде қарастырылуы тиіс.


