Астана тұрғынының көктайғақтан қаза тапқаны туралы ақпарат — жалған

Фото: Gov.kz
Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі қаладағы аялдамалардың бірінде көз жұмған ер адамның өлімі көктайғақтан емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды nofake.kz/.
«А108 көшесі, 20-үй маңындағы автобус аялдамасынан ес-түссіз жатқан ер адам табылған. Оқиға орнына келген жедел жәрдем бригадасы биологиялық өлімді тіркеген. Марқұмның денесі әрі қарай тексеру үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды», — делінген хабарламада.
Полиция департаментінің мәліметінше, марқұмның жеке басы анықталған, ол 66 жаста болған.
«Қазіргі уақытта болған жағдайдың мән-жайын анықтауға бағытталған тексеру жүргізіліп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды», — деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Оқиғаның себебі көктайғақ болғаны туралы ақпарат ресми түрде расталған жоқ. Бұған дейін әлеуметтік желілерде ер адамның аяғы тайғанап құлау салдарынан алған жарақаттан көз жұмғаны хабарланған болатын.


