NoFake

Жасанды шыршадан токсин бөлінетіні рас па

Image

Фото: Olx.kz

Жаңа жыл қарсаңында жасанды шыршалар «улы токсиндер бөледі» деген пікір жиі айтылады nofake.kz/ аталған пікір миф пе, әлде, шындық па анықтады.

Тұрмыста қолдану кезіндегі нақты әсері      

Ғылыми тұрғыдан алғанда, жасанды шыршаны үй жағдайында пайдалану кезінде әсер ету деңгейі өте төмен. Химик Гүлнәр Әтежанованың айтуынша, әсердің негізгі жолы — тыныс алу емес, ұзақ уақыттық тікелей жанасу кезінде пайда болады. Яғни шыршаның жанында отыру немесе бөлмеде тұру денсаулыққа зиян келтіреді деген тұжырым дәлелденбеген.

«Жасанды шыршалардың басым бөлігі ПВХ негізінде өндіріледі. Сертификатталған, сапалы өнімдер тұрмыста қолдану кезінде адам ағзасына қауіпті деңгейде токсин бөлмейді», – дейді химик Гүлнәр Оқанқызы.

Балалар мен үй жануарлары үшін қауіп бар ма?         

Маманның айтуынша, егер балалар шыршаның бұтақтарын шайнамаса, үй жануарлары материалмен үнемі және ұзақ байланыста болмаса, қауіп минималды. Оны құрастырғаннан кейін қолды жуу, қаптамадан шығарған соң бөлмені жақсылап желдету ұсынылады.

ПВХ неге «зиян» деп айтылады?

«Жасанды шыршаларға қатысты қауесеттің тарауына шырша жасалатын ПВХ (поливинилхлорид) құрамында болуы мүмкін фталаттар себеп. Фталаттардың адам ағзасына жоғары мөлшерде және ұзақ уақыт әсер еткенде зиян екені рас. Алайда тұрмыстық жағдайда шешуші фактор – мөлшер», — дейді маман.

Сертификатталған жасанды шыршаларда фталаттардың көлемі санитарлық нормадан аспайды. Үйде қолдану кезінде шырша қыздырылмайды, сондықтан зиянды заттар бөлінбейді. Ал гирляндаларға келсек, сапалы, стандартқа сай жарықтандырғыштар төмен температурада жұмыс істейді және ПВХ-ты қауіпті деңгейде қыздырмайды.

Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, токсинге қатысты қауесет көбіне ПВХ өндірісіндегі зиянды жағдайларды тұрмыстық қолданумен шатастырудан туған. Шын мәнінде, сапалы шырша мен қауіпсіз гирляндалар қолданылған жағдайда, олар күнделікті тұрмыстық заттардан (ойыншық, пластик пакеттерден) артық қауіп төндірмейді.

Айта кетейік, Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше елімізге импортталатын жаңа жылдық тауарлардың 86%-ы Қытайдан, 12,5%-ы Ресейден, 1,5%-ы қалған елдерге (Нидерланды, Италия, т.б.) тиесілі.

Оқу үшін