Ақтөбеде камерадан жалтару үшін нөмірлерді ауыстыру дерегі анықталды

Фото: polisia.kz
Ақтөбеде автокөлік иесінің айыппұлдан жалтару мақсатында мемлекеттік тіркеу нөмірлерін ауыстырып отырғаны анықталды, деп хабарлайды nofake.kz/.
Бұл туралы Polisia.kz хабарлады. Қалада патрульдік полиция қызметкерлері шетелдік тіркеуде тұрған Infiniti маркалы автокөлікті тоқтатқан.
«Тексеру барысында көліктің жүк салғышынан көршілес мемлекеттің екінші мемлекеттік нөмірі табылған. Полицейлердің мәліметінше, жүргізуші жол қозғалысы ережелерінің бейнебақылау камералары арқылы тіркелуінен жалтару үшін нөмірлерді ауыстырып отырған. Камера жазбаларын тексеру нәтижесінде көлік екі түрлі мемлекеттік нөмірмен 26 рет жол қозғалысы ережесін бұзғаны анықталған. Жиналған айыппұл сомасы 700 мың теңгеден асқан», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар деректер базасы арқылы тексеру кезінде Қазақстанда тіркелген тағы бір Infiniti автокөлігі бар екені белгілі болды. Екі көліктің VIN-кодтары бірдей болып шыққан, яғни олар «егіз-көлік» ретінде тіркелген. Қазіргі уақытта екі автокөлік те полиция бөлімінің аумағына қойылып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тиісті сараптамалар тағайындалған. Аталған дерек бойынша тексеру жалғасып жатыр.


