NoFake

2026 жылғы жаңалықтар мен өзгерістер: шындық пен болжам

3 новости

Коллаж: nofake.kz/

2026 жылы Қазақстанға шетелдік жұлдыздар келеді, қазақ футболшылары халықаралық клубтарға ауысады, АҚШ-қа тікелей рейс ашылады, елімізде TikTok бұғатталады деген сияқты қауесет бар. nofake.kz/ ел арасында жүрген болжамдарды топтастырды.

Қазақстанға бір топ шетелдік жұлдыз келуі мүмкін 

Жұрт, әсіресе, шетелден бір топ жұлдыз келеді деп күтіп жүр. Мәселен, биыл қазақстандықтар әйгілі Дженифер Лопестің концертіне барса, көрермен келесі жылы Шакира, Эминем, Beyonce, Nikole Scherzinger мен Timbaland-тің өнерін тамашалауымыз мүмкін деп үміттенеді.

Комментарий 06 (1)

Соңғы екі жұлдыздың елге келетіні рас. Олар 16 мамырда Алматыда, 17 мамырда Астанада концерт береді, билеттен сатылып жатыр. 

Қазақ футболшылары Еуропа клубтарына ауысады

Қазақстан футболы үшін соңғы жылдар табысты болды. Мәселен, биыл «Қайрат» футбол клубы Чемпиондар лигасына жолдама алды, ал «Реал» алғаш рет Қазақстанға келді. Осыған орай халық арасында қазақ футболшылары Еуропа клубтарына ауысады деген қауесет тарады.

Қазір отандық футболшы Нұрәлі Әліп петерборлық «Зенитте» өнер көрсетсе, Дастан Сәтбаев биыл жазда ағылшындардың «Челси» клубына өтті. БАҚ өкілдері енді қақпашы Темірлан Анарбеков те еуропалық футбол клубына ауысуы мүмкін деген ақпарат таратты. Әзірге кімнің қай клубта өнер көрсететіні белгісіз.

2026 жылы Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейс ашылуы мүмкін

Соңғы жылдары Қазақстаннан АҚШ-қа, нақтырақ айтсақ Нью-Йоркке тікелей рейс қатынайды деген ақпарат жиі айтылып жүр. Қазір БАҚ-та жарияланған мәліметке сәйкес, Көлік министрлігі екі ел арасында тікелей әуе рейсін ашу жұмысын қолға алып жатыр. БАҚ беттерінде тікелей әуе рейсін ашу үшін, Air Astana әуе компаниясы елге Boeing ұшақтарын жеткізу керек. Мұндай ұшақтар 2026 жылдың шілдесінде келеді деп жоспарланып отыр. Сондықтан, қазақстандықтар 2026 жылы шынымен АҚШ-қа тікелей рейспен қатынауы мүмкін.

Келесі жылы Қазақстанда TikTok бұғатталуы мүмкін

Халық арасында 2026 жылдан бастап TikTok желісі бұғатталуы мүмкін деген де әңгіме жүр. Ақпарат министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов күн тәртібінде TikTok-ты бұғаттау мәселесі тұрмағанын, тек заң бұзған жағдайда шектеу шаралары қарастырылатынын айтты. Қазір жасы 16-ға толмаған пайдаланушыларға онлайн-платформаларға тіркелуге тыйым салатын заң жобасы әзірленді.  Шектеу Қазақстан территориясындағы барлық әлеуметтік желілерге қатысты болады.

Қазақстан жаңа жылдан тек қолма-қол ақшаға ауысуы мүмкін бе? 

Жаңа жылдан қолма-қол ақша айналымы қайта енгізілуі мүмкін деген қауесет тарады. Ұлттық банк ұсынған мәліметтерге сәйкес, 2025 жылдың қаңтар–қазан айларында қазақстандық және шетелдік төлем карталары арқылы қолма-қол ақша беру көлемі 22,5 трлн теңгені құрады, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңінен 8,6%-ға артық көрсеткіш. Осы орайда, жалпы карталар бойынша айналымдағы қолма-қол ақша берудің үлесі жыл ішінде 13,5%-дан 12,9%-ға дейін төмендеді, бұл дамыған экономикалар деңгейіне сәйкес келеді. Мысалы, 2019 жылы қолма-қол ақшаның үлесі карталар бойынша барлық айналымның жартысынан артық болған, 2020 жылы ол 34,1%-ға дейін төмендеген. Сөйтіп, көрсеткіш жыл сайын тұрақты түрде азайып отырған. Демек, келесі жылы жаппай қолма-қол ақшаға өтуіміз екіталай. Себебі, соңғы жылдары қолма-қол ақшаны қолдану көрсеткіші жыл сайын төмендеп келеді. 

 2026 жылы ҰБТ-ға өзгеріс енгізіле ме? 

Азаматтарды толғандырып жүрген тағы бір мәселе – ҰБТ-ға қатысты өзгерістер. Себебі көпшілік арасында 2026 жылдан бастап ҰБТ-дан біржола бас тартуымыз мүмкін деген қауесет тарап жүр. Дегенмен, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова 2026 жылы қолданыстағы форматтың өзгермейтінін мәлімдеді. Жаңа жүйеге тек 2027 жылдан кезең-кезеңімен көшеміз. 

Редакция ел арасында жүрген, қоғамда қызу талқыланып жатқан оқиғаларға тоқталды. Олардың қайсысы орындалып, қайсысы орындалмайтыны уақытында белгілі болады.

Оқу үшін