NoFake

2026 жылдан бастап МӘМС-те не өзгереді

Close up doctor with stethoscope

Фото: freepik.com

МӘМС жүйесінде келер жылы қандай өзгерістер болады? nofake.kz/ зерттеп көрді.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру (МӘМС) жүйесінде 2026 жылы бірқатар өзгеріс енеді. Солардың негізгілеріне тоқталып өтсек. 

Біріншіден, созылмалы аурулар МӘМС аясында емделеді

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірқатар созылмалы аурулар МӘМС пакетіне енгізіледі. Олардың қатарында қант диабеті, балалар церебралды сал ауруы, ревматизм және басқа да жүйелі аурулар бар. Яғни, МӘМС жүйесі ТМККК аясында қаржыландырылатын 11 әлеуметтік мәні бар аурудан (туберкулез, АИТВ, қатерлі ісіктер, созылмалы вирустық гепатиттер мен бауыр циррозы, психикалық бұзылыстар, орфандық аурулар, жүйке жүйесінің дегенеративті аурулары, орталық жүйке жүйесінің демиелинизациялық аурулары, эпилепсия, жедел миокард инфаркті (алғашқы 6 ай), инсульт) басқа енді көптеген созылмалы ауруларды қамтиды. 

Екіншіден, жүйемен қамтылатын азаматтар саны артады

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап шамамен 1 миллион азамат жергілікті атқарушы органдардың есебінен МӘМС жүйесі арқылы сақтандырылады. Олардың қатарына ресми жұмысы жоқ адамдар мен табысы төмен азаматтар кіреді және олар «D» немесе «E» санаты деп жіктеледі. Бұл санаттағы азаматтар үшін сақтандыру жарналары жергілікті бюджет пен әлеуметтік бағдарламалар есебінен төленеді. Демек, жұмысы жоқ тұрғындар мен әлеуметтік осал топтар енді толық медициналық қызметтер пакетін пайдалана алады.

Үшіншіден, қаржылық тұрақтылық және әділдік

Қаржылық тұрақтылықты нығайту үшін, 2026 жылдың қаңтарынан бастап жарналарды есептеу үшін табыс шегінің жоғарғы мөлшері арттырылады — жұмыс берушілер үшін 40 ең төменгі жалақы (ЕТЖ), жұмысшылар үшін 20 ЕТЖ дейін. 2027 жылдан бастап мемлекеттің жарна мөлшерлемелері кезең-кезеңімен 2%-дан 2037 жылға қарай 4,7%-ға дейін өседі.

Төртіншіден, скринингтік зерттеулер МӘМС пакетінен ТМККК пакетіне ауыстырылады

2026 жылдан бастап тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі пакетінен (ТМККК) медициналық көмектің көлемін МӘМС жүйесіне кезең-кезеңмен интеграциялауға бағыт ала бастайды. Мысалы, скринингтік зерттеулер МӘМС пакетінен ТМККК пакетіне, оның ішінде онкологиялық скринингтерге ауыстырылады. Бұл өзгеріс халыққа жатыр мойны обыры, сүт безі обыры, колоректальды қатерлі ісік, артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, глаукома, вирустық гепатит сияқты ауруларды алдын ала диагностикалау қызметтеріне қолжеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, алдын ала ағзадағы ауруларды анықтап, олардың одан ары таралуына жол бермейді. 

Бесіншіден, ашықтық, бақылау және қатысушыларды қолдау

Жүйе тұрақты қатысушыларға да әділ болуды ұсынады. Енді төлемдер уақытылы түспесе де, жарналар тұрақты түрде 5 жыл бойы төленген жағдайда сақтандырылған мәртебесі 6 айға дейін сақталады (бұрын 3 ай). Сондай-ақ, халықтың сенімін арттыру үшін қосымша бақылау механизмдері енгізіледі. Ол медициналық ұйымдар мен қор қызметінің ашықтығын күшейтеді. Одан бөлек, жаңа жылдан бастап, медициналық фармакологиялық бақылау комитетіне бақылау өкілеттігі беріледі — ол қажетті рұқсатсыз медициналық қызмет көрсетуді анықтап, тоқтата алады.

Осылайша, келер жылдан бастап МӘМС жүйесі тек емдеуге емес, аурудың алдын алу, ұзақ мерзімді бақылау және профилактикаға басымдық бере бастайды. Яғни, ол әлеуметтік қолдау тетігіне айналады.

Оқу үшін