Жаңаөзендегі мұнай қоры таусылып жатқаны рас па

Фото: Gov.kz
Нұрдәулет Қилыбай Жаңаөзендегі мұнай қоры алдағы 10–15 жылға жетуі мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте әкімге «Жаңаөзендегі мұнай-газ қоры таусылып жатқаны рас па?» деген сұрақ қойылды. Аймақ басшысының айтуынша, «Өзен» мұнай-газ кәсіпорнына қатысты «ҚазМұнайГаз» компаниясының жетекшілігімен реабилитация бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда бұл жұмыс жалғасуда.
«Мұнай қоры терең қабаттарда әлі де бар. Қазір өндіріс шамамен 1,5-2 мың метр тереңдікте жүргізіліп отыр. Ал болашақта 5- 6 мың метр тереңдіктегі қорларды игеру мүмкіндігі бар. Сондықтан кен орнын қайта қалпына келтіру жұмыстары атқарылуда. Алайда басты мәселе – болашақта мұнай бұрынғыдай көлемде бола ма? Қазір әлем жасыл сутекке, электр энергиясына көшіп жатыр. Баяндамамның басында айтқанымдай, біз экономиканы әртараптандыру бағытына бет бұрдық. Бұл – логистика, туризм, ауыл шаруашылығы, соның ішінде балық шаруашылығы. Бүгіннен бастап жастарды тек мұнайшы мамандығына емес, болашақтың кәсіптеріне даярлауымыз керек», – деді өңір басшысы.
Әкімнің сөзінше, жақын жылдары мұнай қоры бірден таусылмайды, салада еңбек етіп жүрген азаматтар өз жұмысын жалғастыра береді.
«Біздің өңірде шамамен 50 мыңға жуық адам мұнай компанияларында немесе серіктес ұйымдарда жұмыс істейді. Алайда 10–15 жылдан кейін бұл мәселе өзекті бола бастайды. Сол себепті біз бұған қазірден бастап дайындалып жатырмыз. Нақты Жаңаөзенге қатысты алсақ, Кендірлі аумағын дамыту қажет. Қазіргі таңда ол жақта әуежай салынып жатыр, халықаралық компаниялар жұмыс істейді. Барлық тараптарды әлі толық жинаған жоқпыз, қазір әрқайсысы өз міндетін орындауда. Мүмкін, келесі айда бәріміз бас қосармыз. Сондай-ақ Ақтау қаласынан Кендірліге дейін жол салу жоспарда бар, себебі арақашықтық ұзақ», – деді облыс әкімі.


