Қызылордадағы екі ауданда радиация жоғары ма — Әкім жауабы

Фото: freepik.com
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдегі екі ауданда уран өндірісі салдарынан радиация мөлшері жоғары деген мәлімет туралы түсініктеме берді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Брифинг барысында Нұрлыбек Нәлібаев облыста уран өндіретін екі ауданда үнемі зерттеу жүргізіліп отыратынын жеткізді.
«Бізде Шиелі мен Жаңақорған ауданында уран өндіріледі. Басым бөлігі – Жаңақорған ауданында. Уран өндірумен «Қазатомпром» компаниясы айналысып жатыр. Осыған байланысты экология министрлігі жылда зерттеу жүргізеді. Мысалы, Алматымен салыстырғанда бізде радиация мөлшері керісінше төмен. Бұл сұрақ ертеде 2008 жылы да көтерілген. Ол кезде арнайы мамандарды жолдап, «Қазатомпром» компаниясымен бірге Шиелі мен Жаңақорғандағы радиация деңгейін өлшеткен болатынбыз. Сол кезде де аудандардағы радиация деңгейі төмен болды. Екі ауданның да орталық алаңдарында радиация көлемін өлшейтін құралдар қойылған. Сондықтан алаңдайтын жағдай жоқ», — деді әкім.
Облыс басшысы, сондай-ақ аталған екі ауданда онкологиямен ауыратындар туралы да түсіндіріп өтті.
«Онкологиямен ауыратындар тек уранға байланысты емес. Денсаулық сақтау, экология министрлігі де жағдайды қарап отыр, ол тұрғыда біздің көрсеткіштер жаман емес. 36 млрд 400 млн теңгеге көп салалы, онкологиялық орталығы бар, үлкен аурухананың орталығы бізде қарқынды жүруде. Қазір 20 млрд теңге қаржы игерілді. Келесі жылы құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілетін болады», — деді облыс әкімі.
Орталық коммуникациялар алаңында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің даму көрсеткіштері жайлы БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді.


