Пікірді бот жазғанын қалай анықтаймыз

Фото: Depositphotos
Пікір тым мінсіз, нақты дерексіз, қайталанатын болса – бот болуы мүмкін. nofake.kz/ оларды тез танудың қарапайым жолдарын түсіндіреді.
Алдымен бот дегеніміз не анықтап алайық. Бот – бұл автоматты түрде әрекет ететін компьютерлік бағдарлама. Қарапайым тілмен айтсақ, ол адам сияқты әрекет ете алады, бірақ адам емес.
Боттың бүгінгі таңда кеңінен қолданылып жүрген негізгі 4 түрі бар. Оларды атап айтсақ:
Чат-бот – мәтін арқылы сөйлеседі, сұраққа жауап береді.
Веб-бот – сайттардан деректер жинайды, іздеу жасайды.
Әлеуметтік бот– әлеуметтік желілерде пост жариялайды, лайк қояды, пікір жазады.
Ойын бот – онлайн ойындарда автоматты әрекет жасайды.
Боттың басты ерекшелігі – ол автоматты жұмыс істейді, адамсыз әрекет жасайды. Қайталаушы, яғни бірдей әрекеттерді тез орындай алады. Адам сияқты көрінуі мүмкін, бірақ эмоциясы мен өз ойы жоқ. Жазуы мінсіз. Онда грамматикалық қателер немесе сленг болмайды.
Ал әлеуметтік желідегі пікірді расымен адам жазып отыр ма, әлде ботпа анықтаудың бірнеше тәсілі бар.
Біріншісі, өте таза тіл. Пікір тым «ақпаратты және таза» естілсе, күмәнді.
Екіншіден, Жалпылама, нақты дерексіз сөздер. Жеке тәжірибе, атаулар, күндер немесе мысалдар келтірілмейді.Мысалы: «Жалпы бұл маңызды», «Көпшілік келіседі», «Айта кету керек» тіркестері көбіне ботқа тән.
Үшіншіден, Құрылымы дұрыс және логикалық жағынан ретті пікір.Абзацтар мінсіз байланысқан, ойлар шатаспайды. Адамдар көбіне эмоциямен, ойларын араластырып жазады.
Төртіншіден, қайталау және әмбебаптық. Пікір кез келген постқа сәйкес келеді. Бот көбіне пікірін «жалпылап», қате кетірмеуге тырысады.
Бесіншіден, өте тез және бірдей жауап беру. Жаңа аккаунттар, бір стильдегі көп пікірлер.Барлық посттарға бірдей жауап берілген болса, демек ол бот болуы мүмкін.
Алтыншыдан, пікір жазушының бейтараптық сақтауы және даудан аулақ болуы. Бот сирек дауласады, әзілдеспейді немесе эмоция білдірмейді. Тіпті провокацияға да «сыпайы және дұрыс» жауап береді.
Жетіншіден, пікірді шын мәнінде кім жазғанын анықтау үшін қосымша құрал ретінде ЖИ детекторларын (GPTZero, Copyleaks, OpenAI Text Classifier секілді) қолдануға болады. Мұның көмегі тиюі мүмкін. Алайда 100% кепілдік бермейді.


