Энергетика министрі Павлодар мұнай-химия зауыты сатылады деген ақпаратты жоққа шығарды

Фото: АО "НК "Казмунайгаз"
Павлодар мұнай-химия зауытының сатылатыны туралы сыбыстар шындыққа сәйкес келмейді. Энергетика министрі Ерлан Ақкенжeнов үкімет ПМХЗ-ді сату жөнінде келіссөздер жүргізбейтінін айтып, мемлекеттік активтерді «су тегінге сату» туралы мәлімдемелер халықты адастыратынын жеткізді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенжeнов БАҚ-пен кездесуде Павлодар мұнай-химия зауытының сатылатыны жөніндегі сыбыстарға қатысты пікір білдірді.
«Бұл жалған ақпарат. Қазіргі таңда үкімет деңгейінде мұндай келіссөздер жүргізілмейді. Кейбір адамдар, яғни «сарапшылар», мемлекеттік активтерді тегінге сату туралы сыбыс таратуы — халықты адастыру болып табылады», — деді министр.
Оның сөзінше, активтерді бағалау кезінде олардың нақты құны мен қаржылық көрсеткіштері, соның ішінде EBITDA есепке алынады.
«Сондықтан осы активтер арзан бағаға сатылады деген мәлімдемелер дұрыс емес. Тіпті, мен жалпы айтқым келетін мәселе: біз оларды сатуды жоспарламаймыз», — деп атап өтті Ақкенжeнов.
Министр сондай-ақ Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі өз функциялары шеңберінде аталмыш активтерді жекешелендіру картасына енгізгенін түсіндірді.
«Яғни, олар көріп отыр: қазіргі таңда мұнай өңдеу секторындағы концентрация толығымен мемлекеттің қолында. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің негізгі қызметі – дәл осы бәсекелестікті дамыту. Сондықтан олар, сөзсіз, әртүрлі секторларымыздың экономикалық дамуының сау бәсекелестік жағдайында жүруі үшін барлық шараларды қолданады. Бірақ бұл оны мемлекет сатады дегенді білдірмейді», — деп нақтылады министр.
Сонымен қатар, Энергетика министрі мұнай өңдеу зауыттарының қазіргі уақытта жоғары табысты кәсіпорындар екенін атап өтті.


