NoFake

Танымал нейрохирург өз атынан жалған дәрі сатқан алаяқтарды анықтағанын хабарлады

BADS

фото: коллаж nofake.kz/

Танымал нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаның атынан жалған дәрі сатқан алаяқтардың кім екені анықталды деп хабарлайды nofake.kz/. Бұл туралы дәрігердің өзі Instagram-дағы парақшасында хабарлады.

Айтуынша, алаяқтар оның таныстарына қоңырау шалып, 66 мың теңгеге қант диабетіне қарсы препарат ұсынған. Кейін сол нөмірге дәрігердің өзі науқас ретінде хабарласып көрген. Сөйтсе, олар БАД-тардың бір курсын 22 мың теңгеден сатып жүргенін анықтаған.

«Хабарласқан кісілерге нөмір жіберіңізші дедім. Сол күні қоңырау шалып едім, көтермеді. Таңертең өздері хабарласты. Ольга деген әйел екен. Веб-сайттары да бар. Препарат инсулинге көмектеседі депті. Мен дәрі алатын адам ретінде сөйлестім. «20 жыл қант диабетімен ауырдым, бұл көмектесе ме?» десем, диабетке арналған дәріні ішу керек деді. Ол жай шөптен жасалған. Ресейдің Алтай аймағының шөбі, қуыққа, буынға көмектеседі, бір курсқа 3 комплект алу керек. Әрқайсысы 22 мың теңге тұрады дейді. Сол 66 мың теңгеге барып тұр ғой», — дейді дәрігер.

Кейін ол өзін рұқсатсыз жарнамада пайдаланылған Мыңжылқы Бердіқожа екенін айтқан.

«Жарнамаңызда Мыңжылқы Бердіқожа бар екен десем, «иә, бізде көп дәрігер бар» деді. Танымал нейрохирург деп ЖИ ақпаратты оқып беріп отыр. Ол біздің дәрімен айналысады дейді. Сосын «Ольга, өтірік айтып жатырсыз, полиция жіберемін» дедім. Қолдау қызметіне хабарластым», — деп жазған дәрігер.

Нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожа көпшілікке алаяқтардың құрбаны болмас үшін интернеттен түсініксіз дәрі-дәрмек сатып алмауға кеңес берді.

Айта кетсек, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде оның атынан жалған ақпарат таратушылар көбейген. Бұған дейін нейрохирург атынан «парацетамол мен кетоналды бірге ішкен адам өліп кетуі мүмкін» деген фейк тараған. Екінші жағдайда «диабетті 24 сағатта емдейді» деп жалған дәрі жарнамаланған. Тіпті алаяқтар роликте дәрігердің төрт ай бұрын DemediaKZ YouTube арнасына қазақ тілінде берген сұхбатынан үзінді пайдаланып, оның үстіне орыс тілінде «қант диабетін 24 сағат ішінде емдеуге болады» деген жазба қосқан. Яғни ЖИ арқылы аудио-фейк жасаған.

Оқу үшін