БАӘ Қазақстаннан 100 тонна қар сатып ала ма — Сауда министрлігі жауап берді

Фото: freepik.com
Әлеуметтік желіде «жаңа жыл қарсаңында БАӘ Қазақстаннан 100 тонна қар сатып алады» деген ақпарат қызу талқыланып жатыр. Пікірлерде халық биыл Қазақстанда онсызда қар аз екенін, өзге елге беретін мүмкіндік болмайтынын жарыса жазып жатыр. nofake.kz/ бұл ақпарат қаншалықты рас екенін анықтау үшін Сауда министрлігінің баспасөз қызметіне жүгінді.

«Сауда министрлігі мұндай келісім жасаған жоқ. Яғни біздің тарапымыздан мұндай келісім жасалмағанын мәлімдейміз», — деп жауап берді ведомство өкілдері.
Бұдан бөлек, бұл жаңалықты таратқан парақшаның сатиралық контент шығаратын паблик екені анықталды. Авторлар парақшада жариялайтын оқиғалар мен «жаңалықтардың» шындыққа жанаспайтынын ашық көрсеткен. Соған қарамастан, көпшілік ақпаратты шынайы деп қабылдап, пікір қалдыруды жалғастырып жатыр.
Соңғы айларда әлеуметтік желілерде фейк жаңалықтардың жаңа формасы – сатиралық контентке ұқсас, бірақ жаңалық стилінде жасалған дипфейк-посттар көбейген. Мұндай жазбалар эстетикасы мен мәтін құрылымы ресми ақпаратқа ұқсайтындықтан, қолданушылардың бір бөлігі оларды шынайы деп қабылдайды. Сарапшылардың айтуынша, дәл осындай «әзіл-фейктер» қоғамдық резонанс тудырып, жалған ақпараттың жылдам таралуына себеп болып отыр.


