NoFake

Тұтынушыны онлайн алаяқтан қорғайтын норма: WhatsApp-хаттары дәлелге айналады

High angle friends holding smartphones

Фото: Freepik.com

Күні кеше депутат Мұрат Әбенов Мәжілістің Instagram желісіндегі аккаунтында өткен тікелей эфирде мессенджерлердегі хат-хабар мен дыбыстық хабарламалар заңды күшке ие болатынын мәлімдеген еді. Бұл заң тұрғындарға не береді? nofake.kz/ сарапшылармен бірге түсіндіреді.

Елімізде бұған дейін де сот процестерінде мессенджерлердегі хат-хабарлар, дыбыстық жазбалар дәлел ретінде пайдаланып келген еді. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов енді оны Азаматтық кодекстен «Тұтынушылар құқығын қорғау» туралы заңға норма ретінде енгізетінін жеткізді. Оның айтуынша, бұл норма азаматтарды алаяқ тауар сатушылардан қорғайтын болады. 

«Мысалы, тауардың сапасы нашар болса, онда адам сотқа беріп, WhatsApp-тағы аудио, видео хабарлардың барлығын дәлелдеме ретінде сатушыға қарсы пайдалана алады және ол дәлел болып саналады. Яғни, сатушы өзара жазбаша хабарлама, аудио-видеоны тауар немесе қызмет сатардың алдында, тауарды сату, жарнама жасау, сатып алушыны үгіттеу мақсатында пайдаланса, бұл дәлелдемелер келісімшарттың негізі болып табылып, ертең тұтынушыға өзінің құқығын қорғап, дәлелдеуіне негіз болады. Қазір біз ұсыныс жасап, заң жобасына енгіздік. Екі ортаға лоббистер кіріп, электронды сауда жасайтын алаяқтарды қолдайды деп есептемеймін. Бұл интернет арқылы алдап, тауар сататындардан қорғайтын норма», — деп түсіндірді депутат. 

Заңгерлер не дейді?

Заңгер Еркебұлан Мирманов бұл норманың қарапайым тұтынушыларға тиімді болатынын айтады.

«Қазірдің өзінде WhatsApp, электрондық пошта, мессенджерлер арқылы жазылған хат-хабарлар сотта дәлел ретінде заңды күшке ие бола алады. Практикада біз мұны тұрақты түрде қолданамыз және соттарда дәлелдеуге қол жеткізіп жүрміз. Бұл бастама қарапайым азаматтар үшін өте тиімді, өйткені бұл норма оларға өз құқықтарын жылдам әрі тиімді қорғауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, алданған немесе уәдесін орындамаған тарапты нақты дәлелдермен жауапқа тартуға жол ашады. Сол сияқты «ауызша келісім» деген түсінікті азайтып, құқықтық анықтықты арттырады, яғни бизнес пен тұтынушылар арасындағы сенімділікті күшейтеді. Қазір халықтың көбі ресми хаттарды емес, күнделікті өмірде WhatsApp, Instagram, Telegram арқылы сөйлеседі. Енді сол хат-хабарлардың заңды күшке ие болуы — халықтың құқығын қорғаудың тағы бір құралы», — деді ол. 

Аталған заң Мәжілісте екінші оқылымда қаралатын болады. Қазірдің өзінде ол жұмыс тобымен қаралып, депутаттар тарапынан қолдау тапқан. 

Оқу үшін