NoFake

Желіде прокурор Аймағанова атынан жасалған жаңа дипфейк тарады

Снимок экрана 2025 12 08

Коллаж: nofake.kz/

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде прокурор Айжан Аймағанованың атын пайдаланып жасалған тағы бір жалған видео тарап жатыр. Роликте ол «Казатомпромның инвестициялық қорын» жарнамалап, жұртты «өте тиімді бағдарламаға» қатысуға шақырып тұрғандай көрсетілген, хабарлайды nofake.kz/.

Бұл видеоның стилі де бұған дейінгі фейктердің көшірмесі іспетті. Алдыңғы материалдарда да Аймағанова әртүрлі «инвестжобалардың өкілі» ретінде көрсетілген болатын. Шын мәнінде, бейнесі де, дауысы да — жасанды. Прокурордың өзі бірнеше рет ешқандай қаржылық өнімдерге қатысы жоқ, инвестиция жөнінде кеңес бермейтінін ашық айтқан.

Казатомпром да бұған дейін «жеке тұлғаларға арналған «инвестициялық қор» деген өнім мүлде жоқ, ал белгілі адамдарды сөйлетіп жасалған видеолар — нағыз фальсификация» деп хабарлаған болатын.

Сарапшылардың айтуынша, танымал тұлғалардың атынан жасалған дипфейктер — соңғы жылдары алаяқтардың ең жиі қолданатын айласының бірі. Мұндай контент сенім ұялататын бейнені пайдаланып, жоқ бағдарламалар мен жалған инвестицияларды жарнамалау үшін жасалады.

Айта кетейік, желіде тараған кез келген видео шынайы болмауы мүмкін. Ақпаратты тек ресми мәлімдемелер мен сенімді дереккөздер арқылы ғана тексеруге болады. Инвестиция саласына қатысы жоқ тұлғалардың бұл фейктерге жиі «таңдалуы» бекер емес — олардың аты жұртқа сенімді көрінеді, ал алаяқтар дәл осыны пайдаланады.

Еске салсақ, бұған дейін прокурор Айжан Аймағанова атынан бірнеше дипфейк тарады, Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев, әнші Димаш Құдайбергеннің атынан да дипфейк тараған болатын.

Оқу үшін