СҚО-да Дулатовқа арналған мемориал қирады деген ақпарат тарады — әкімдік не деді

Коллаж: nofake.kz/
Әлеуметтік желіде Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Мирный ауылдық округі маңында Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлына арналған мемориалды кешен қирап қалды деген ақпарат тарады. Пост авторларының айтуынша, ескерткіш ашылуына бірнеше күн қалғанда құлап сынған. Кешенді кәсіпкер өз қаражатына, жазушының 140 жылдығына орай салғаны да айтылған.
nofake.kz/ аталған ақпаратқа қатысты түсінік алу үшін СҚО әкімдігінің баспасөз қызметіне жүгінді.

Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданының ішкі саясат бөлімі болған жайтқа қатысты түсініктеме берді.
«Стелла құрылысын Мирный ауылдық округінің аумағында жергілікті атқарушы органмен келіспей кәсіпкер Н. Барлыбаев бастаған. Ол оны Алаш қызметін еске алу мақсатында орнатқан. Орнату кезінде тапсырыс беруші (Н. Барлыбаев) ақауларды, стелланың өзі дұрыс орнатылмағанын анықтады. Нақтырақ айтсақ, стелла тұрғызу кезінде мамандар топырақтың отыруын тіркеп, соның салдарынан құрылыстың қисаюы пайда болған. Мұндай жылжу стелланың орнықтылығы мен қауіпсіздігіне кері әсер етуі мүмкін еді», -деп жауап берді облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Осы себепті Н. Барлыбаевтың тапсырмасымен жоғарғы бөлігі демонтаждалды. Сондай-ақ, мәдениет басқармасы кәсіпкерге стелла орнату үшін барлық қажетті заңды рәсімдерді жүргізу қажеттілігі туралы ескерткен.
«Себебі құжаттардың архитектуралық-жоспарлау тапсырмасы, бекітілген эскиздік жобасы болмады. Монументалды құрылыс нысандарын орнату тәртібі сақталмайынша, ескерткіш (стелла) тарих және мәдениет ескерткіштері мемлекеттік тізіміне енгізілмейді. Вандализм фактісі тіркелген жоқ. Құжаттардың болмауына байланысты мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органы Н.С. Барлубаевқа әкімшілік айыппұл салды», — деп түсіндірді әкімдік өкілдері.


