NoFake

«Алматы облысында жайылымдық жер қытайларға сатылды» деген ақпарат – жалған

7056b889 bc2d 4c16 85e2 186eee84cb02

Фото: Егемен Қазақстан

Әлеуметтік желілерде Алматы облысы Кеген ауданындағы 5538 гектар жер «қытайлық компанияға сатылды» деген ақпарат тарады. Бұл хабардан кейін жергілікті тұрғындар алаңдаушылық білдіріп, видео үндеу жариялаған. nofake.kz/ бұл ақпараттың шынайылығын тексеру үшін Кеген аудандық әкімдігіне хабарласты.

Әкімдіктің хабарлауынша, аталған жер телімі ешкімге сатылмаған және мемлекеттік меншік ретінде қала береді. Тұрғындардың барлық құқықтары толық көлемде сақталады.

«Тұрғындардың өтініштері бойынша прокуратура, құқық қорғау органдары және тиісті ведомстволар тексеру жүргізді. Нәтижесінде заң бұзушылықтар анықталған жоқ, барлық жұмыстар заңнама талаптарына қатаң сәйкес орындалуда. Геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге арналған лицензия 2020 жылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тарапынан қазақстандық компанияға берілген. Әкімдік барлау жұмыстарын жүргізу үшін тек уақытша сервитут рәсімдеген. Жағдай бақылауда тұр», — деп хабарлады.

Алматы
Скрин әлеуметтік желідегі жазбалардан

Сервитут — жердің иесін өзгерпейтін, тек уақытша пайдалану құқығын беретін рұқсат. Бұл жердің сатылғанын немесе шетелдік компанияға берілгенін білдірмейді. Жергілікті тұрғындар жайылым азаюы мүмкін деген алаңдаушылық танытқан. Әкімдік бұл мәселені түсінетінін және жағдайды бақылауда ұстайтынын айтты.

Аталған жаңалықты таратқан Stan.kz порталы «Алматы облысында тұрғындар жайылым жерінің қытайлық компанияға сатылуына қарсылық білдірді» деген манипуляциялық тақырып қолданған. Алайда материалдың ішінде рұқсат тек топографиялық-геодезиялық және іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін берілгені көрсетілген. Сондай-ақ әкімнің қаулысының фотосы да жарияланған, бірақ жердің сатылғаны туралы ешқандай дерек жоқ.

Оқу үшін