Манипуляция ма, эмоциялық қысым ба — «Отанымды жемеңдер» деген жазбаны сарапшылар талдады

Коллаж: nofake.kz/
Блогер, коуч Құралай Ошақбаева әлеуметтік желіде Мөлдір Мұқанованың фильміне қолдау білдіріп, пост жазды. Жай жазған жоқ, ол «отанымды жемеңдер» деп жазды. Жұрт, әрине, мұндай сөзді бей-жай қабылдамайды, халық Ошақбаеваның жазбасын қызу талқылап жатыр. Көпшілік арасында реакция тудырған бұл сөз әдейі қолданылған тәсіл ме, жоқ әлде манипуляция болуы мүмкін бе? nofake.kz/ осы сұрақтарға жауап іздеп, мамандардың пікірін білді.
Ошақбаеваның кино көруге шақырған посты әлеуметтік желіде әлі де қызу талқыланып жатыр.

Республикалық сот сарапшылары палатасының сот сарапшысы Дәурен Рабилов Құралай Ошақбаеваның жазбасындағы: «Қолынан түк келмейтін, бітірген дымы жоқ сыншы диванбатырлар, Отанымды жемей, 3000 теңгеге зарламай, барып қолдаңдар Мөлдірді» деген (ред. – посттан алынған) сөйлемге талдау жасады. Сарапшының айтуынша, мұндай сөздер аудиторияны фильмді көруге итермелеуді көздейтін, манипуляциялық риторика элементтерін қамтиды.

«Жазбаның коммуникативті бағыттылығы аудиторияны белгілі бір тұлғаны, бұл жағдайда – Мөлдір Мұқанова түсірген көркем фильмді көруге итермелейді. Біз оны «барып қолдаңдар Мөлдірді» императивті етістігінен көреміз. Сол сияқты автор қазақ тілінің бейәдеп формасындағы тілдік бірліктерді түрлендіру арқылы, яғни «отанымды жемей» тіркесімен каламбурға (ред. сөздердің мағынасы немесе дыбысталуы ұқсастығына негізделген ойнақы әзіл түрі) сүйенген. Ал, Мөлдірдің фильмін сынаған халық туралы «диванбатыр» деп, жағымсыз баға берген. Сол сияқты автор аудитория назарының өзіне ауғандығын пайдалана отырып, адресаттарды уақыты мен нақты мекенін көрсетіп, өзі ұйымдастыратын іс-шара — оффлайн тренингке қатысуға шақырады. Оны посттағы ашық вербалды түрдегі — «оффлайн тренингіме шақырамын» деген тіркесінен-ақ көруге болады. Яғни, блогер белгілі бір іс-шараға қатысуға итермелеу әрекетін жүзеге асыруға бағытталған бұйрық райлы құрылымдар мен талап ету, бұйыру мәнді директивті етістіктерді ашық вербалды түрде пайдаланып отыр», — деп түсіндірді маман.
Заң не дейді?
Заңгер-адвокат Мейірман Шекеевтің айтуынша, блогер жазбаны өшіргенімен, бірнеше адам скриншоттарды дәлел ретінде ұсынып сотқа арызданса, оны жауапкершілікке тарту мүмкін.
«Заңды түрде шара қолдану үшін, сол сөзге филологиялық сараптама жасалады. Мәселен, ол біреудің ар-намысына нұқсан келтіруі мүмкін, содан кейін ғана оған заң тұрғысынан баға беріледі. Яғни бәрі контекстіге байланысты. Егер сараптама қорытындысы оң болса, бірінші кезекте әкімшілік жаза қарастырылған. Бұл жерде ӘҚБтК-нің 434 бабы — «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Оған сәйкес азаматтар 20 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе қоғамдық жұмыстарға тартылады, болмаса 15 тәулікке дейін қамаққа алынуы мүмкін. Ол үшін, бір немесе бірнеше адам скринді алып, сотқа арыз жазуы керек. Жазба өшіріліп тастағанның күннің өзінде іс қозғалуы мүмкін. Себебі скринді бір емес бірнеше адам ұсынып отыр, ал ол дегеніміз қолдағы нақты дәлел», — деді заңгер.


