Еурохаттама арқылы сақтандыру төлемін қалай тез алуға болады

Фото: Depositphotos
Жолда кішігірім апат болып қалғанда, мәселені оқиға орнында-ақ жылдам шешуге мүмкіндік беретін заманауи құрал бар, деп хабарлайды NoFake.kz.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүргізушілердің өмірін жеңілдететін Еурохаттама жүйесі туралы тағы бір мәрте еске салды. Бұл жүйе полициясыз және сотсыз-ақ, апат болған жерде тұрып, сақтандыру қаражатын алуға өтініш беру тәсілі. Статистика да бұл әдістің танымал болып жатқанын дәлелдейді.
«Бүгінгі күні Еурохаттама бойынша 27 822 оқиға бойынша 5,5 млрд теңге төленді. Бұл тетікті пайдалану сақтандыру төлемдерін алу мерзімін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді, сондай-ақ жол инфрақұрылымы мен сот жүйесіне жүктемені азайтуға ықпал етеді», — делінген агенттік жазбасында.
Еурохаттаманы кімдер пайдалана алады?
Егер сіздің жағдайыңыз мына 5 талапқа сай келсе, полиция шақырудың еш қажеті жоқ:
1. Тек екі көлік қана соқтығысса (немесе үшінші көлік бағанға тимесе);
2. Екі жүргізушінің де сақтандыру полисі бар болса;
3. Шығын көлемі 100 АЕК-тен (2026 жылы 369 200 теңге ) аспаса;
4. Кінәлі тарап өз кінәсін толық мойындаса (арада талас болмауы керек);
5. Ең бастысы — адамдар жарақат алмаса, ешкімнің денсаулығына зиян келмесе.
Бар болғаны 3 қадам: Не істеу керек?
Апат болған жерде тұрып, мәселені тез шешу үшін мына әрекеттерді жасау қажет:
1-қадам: Қосымшаны жүктеу.
«Еурохаттаманы ресімдеу үшін ЖКО-ға қатысушылардың екеуіне де «Europrotocol», «DTP.kz» немесе «Halyk Kazakhstan» мобильді қосымшалардың біреуін жүктеп алу қажет. Мобильді қосымшалардан басқа, сақтандыру ұйымдарының ресми интернет-ресурстары арқылы сақтандыру төлеміне жүгінуге болады», — дейді мамандар.
2-қадам: Суретке түсіру. Қосымша арқылы сәйкестендіруден өтіп, апат болған жерді жан-жағынан анық етіп фото мен видеоға түсіріп, жүктейсіз. 3-қадам: СМС-хабарлама күту.
Ең маңызды сәт — өтініш жіберілгеннен кейін телефонға жауап келгенше орныңыздан қозғалмаңыз. «ЖКО қатысушылары сақтандырушының декларацияны қабылдағаны туралы хабарлама алғанға дейін көлік оқиғасы болған жерден кетпеуге тиіс. Әрі қарай қатысушылар оқиға орнынан кете алады. Жол полициясын шақыру және сотқа жүгіну талап етілмейді», — дейді агенттік өкілдері.
Осы хабарлама келгеннен кейін оқиға орнынан кете беруіңізге болады.


