Жол апатында полиция шақырмасаң бола ма: Қазақстандағы жаңа ереже

Коллаж: FinGramota.kz
Қазақстанда жол-көлік оқиғасы кезінде полиция шақырмауға болады деген ақпарат тараған. Аталған ақпаратқа қатысты сарапшылар түсінік берді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Fingramota.kz мәліметінше, елімізде енгізілген Еурохаттама жүйесі кей жағдайларда ЖКО-ны жеңілдетілген тәртіппен рәсімдеуге мүмкіндік береді. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде міндетті автосақтандыру аясында Еурохаттама деп аталатын жеңілдетілген рәсім енгізілген. Ол бойынша кей жағдайларда ЖКО-ны полициясыз, сотсыз рәсімдеуге мүмкіндік бар.
«Еурохаттама – бұл жол-көлік оқиғасын полиция қызметкерлерін шақырмай-ақ, тікелей сақтандыру компаниясы арқылы онлайн рәсімдеуге мүмкіндік беретін жеңілдетілген механизм», – деп түсіндірді мамандар.
Алайда бұл тәсілді кез келген жағдайда қолдана беруге болмайды. Бірқатар нақты шарттар бар. Мәселен, жол апатына тек екі көлік қатысуы тиіс, екі жүргізушінің де жарамды сақтандыру полисі болуы керек. Сонымен қатар, келтірілген шығын көлемі 100 АЕК-тен (2026 жылы – 432 500 теңге) аспауы қажет.
Тағы бір маңызды талап – тараптар арасында дау болмауы. Яғни, жүргізушілер оқиға мен кінәлілікке қатысты өзара келісімге келуі тиіс. Сондай-ақ, апат салдарынан адамдарға немесе үшінші тұлғалардың мүлкіне зиян келмеуі керек.
«Егер оқиғада жаяу жүргіншілер, жолаушылар немесе үшінші тұлғалар зардап шексе, Еурохаттама қолданылмайды. Мұндай жағдайда ЖКО стандартты тәртіппен ресімделуі тиіс», – делінген дереккөзде.
Еурохаттама мобильді қосымшалар немесе арнайы сервистер арқылы онлайн рәсімделеді. Жүргізушілер барлық мәліметті енгізіп, фото және құжаттарды тіркеп, өтінішті сақтандыру компаниясына жібереді. Өтініш қабылданғаннан кейін SMS-хабарлама келеді, содан соң оқиға орнынан кетуге болады.
Бұл тәсілдің басты артықшылығы – уақыт үнемдеу. Еурохаттама арқылы төлемдер әдетте 3–15 жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Ал стандартты рәсімдеу 90 күнге дейін созылуы мүмкін. Сонымен қатар, сарапшылар күмәнді жағдайларда классикалық рәсімді таңдауға кеңес береді. Себебі сырт көзге байқалмайтын жасырын ақаулар болуы мүмкін.
Қазақстанда жол апаты кезінде полиция шақырмауға болады, бірақ тек белгілі бір шарттар сақталған жағдайда ғана. Яғни, бұл ақпарат ішінара рас — Еурохаттама тек шағын, даусыз ЖКО-ларда қолданылады.


