Жазда кей аймақтарда ыстық су өшіріле ме: вице-министр жауабы

Фото: primeminister.kz
ҚР энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов бүгін Үкіметте өткен брифингте жазда кей қалаларда жылы су өшіріледі деген қауесетке жауап берді, деп хабарлайды Nofake.kz.
ҚР энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов көпшілік арасында кең тараған «жазда жоспарлы түрде кей өңірлерде ыстық су өшіріледі» деген сұраққа жауап берді. Оның сөзінше бұл тек белгілі бір учаскелерге, атап айтқанда, жөндеу жұмыстары жүргізілетін аумақтарға ғана қатысты болады.
«Жылыту маусымынан кейін жылда гидравликалық тексерулер жүргізіліп, сынақтан өткізіледі. Сол сынақтардан кейін, жөндеу жұмыстары қажет болатын белгілі бір учаскелер анықталады. Тек сол учаскелерде ғана, жөндеу жұмыстары үшін, ыстық су өшіріледі. Сондықтан нақты жоспар бойынша тек осы қалаларда ыстық су өшіріледі деген мәселе жоқ», — деп түсінідірді ол.
Вице-министр, бұл ретте ыстық су тек жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ғана, белгілі бір уақытқа өшірілетінін тағы да ескертті. Сондай-ақ, ол ыстық су өшірілетін аумақтарда әдетте әкімдіктермен бірге азаматтарға алдын ала ескерту жасалатынын атап өтті.
Айта кетейік, бүгін ҚР Энергетика министрлігі өкілдері мен осы салаға жауапты бірнеше мекеме басшылары Үкіметте жылыту маусымын қорытындылап, алдағы маусымға дайындық барысымен таныстырған еді.


