ІІМ жарылыс туралы жалған хабарлама таратқан жасөспірімдерді ұстады

Фото: polisia.kz
ҚР Ішкі істер министрлігі жалған жарылыс туралы хабарламалар үшін жауапкершілік бар екенін тағы да ескертеді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Ведомство мәліметінше, интернетте және әлеуметтік желілерде жасөспірімдердің жарылыс, өрт қою және басқа да қауіптер туралы жалған хабарламалар тарататын жағдайлар тіркелген. Осылайша, Алматы облысында терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламалар жасағаны үшін 9-сыныптың екі оқушысы ұсталғаны белгілі болды.
«Олардың Астана қаласы мен Алматы облысында осындай 14 фактіге қатысы бар екені анықталды», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысының 9-сынып оқушысы әлеуметтік желі қолданушылармен жанжал негізінде олардың атынан Шымкент қаласы әкімдігінің және Ақтау қаласындағы сауда үйлердің бірінің электрондық поштасына жарылғыш құрылғылар қойылғаны туралы хабарламалар жібергені анықталды.
«Қылмыс жасау кезінде олар анонимді телефон нөмірлері мен электрондық пошталарды пайдаланған. Бұл «әзіл» немесе қалжың болса да, мұндай әрекеттер қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады. Жалған қауіп туралы хабарламалар адамдар арасында дүрбелең туғызып, шұғыл қызметтердің жұмысына кедергі келтіреді», — делінген хабарламада.
ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті мұндай әрекеттер үшін бас бостандығынан айыруға дейін жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.
«Барлық осындай жағдайлар мұқият тексеріліп, күдіктілер заманауи технологиялардың көмегімен анықталады. Осыған байланысты барлық азаматтарға үндеу жасаймыз: тексерілмеген ақпаратты таратпаңыздар, жалған хабарламалар жібермеңіздер және балаларға мұндай әрекеттердің салдарын түсіндіріңіздер», — делінген хабарламада.
ІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығының орынбасары Аман Әубәкіров қауіп туралы хабарлама келсе, дереу полицияға хабарласу қажеттігін ескертті.


