Министрлік балаларымен шомылуға баратын ата-аналарға маңызды үндеу жасады

Фото: ortcom.kz
Ішкі істер министрлігі жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырды. Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері елімізде бассейндерде, өзендер мен көлдерде 69 бала суға батып қаза болған.
Ішкі істер министрлігі қайғылы оқиғалардың көпшілігі шомылуға рұқсат етілмеген әрі арнайы жабдықталмаған су айдындарында болғанын мәлімдеді. ІІМ Профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Саданов ата-аналарды балаларды су жағасында қараусыз қалдырмауға шақырды.
«Жыл басынан бері елімізде шомылу орындарында (бассейн, өзен, көл) 69 бала суға батып, көз жұмды. Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі шомылуға рұқсат етілмеген және арнайы жабдықталмаған жерлерде тіркелді», – деді ол.
Министрлік қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға кеңес береді. Атап айтқанда, тек арнайы жабдықталған жағажайларда шомылу, балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмау және оларға бейтаныс жерлерде суға түсудің қауіпті екенін түсіндіру қажет. Сондай-ақ аптап ыстықтан кейін бірден суық суға секірмеуге шақырды.
Сонымен қатар ведомство тыйым салынған орындарда шомылғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
«Құрметті ата-аналар, балалардың қауіпсіздігі ең алдымен өз жауапкершіліктеріңізде екенін ұмытпаңыздар!» – деп үндеу жасады Арман Саданов.
Жыл басынан бері мұндай құқық бұзушылық үшін 2700-ден астам азамат жауапкершілікке тартылған.


