Жанармай бекеттеріндегі бензин сапасы төмендегені рас па

Фото: TengriNews
Әлеуметтік желіде «жанармай бекеттеріндегі бензин сапасы төмендеп кетті» деген жазбалар жарияланып жатыр. Желі қолданушылары, әсіресе, Астана мен Алматыда жанармай сапасы нашарлағанын айтады. Бұл рас па? Nofake.kz зерттеп көрді.
Желі неге шулады?
Threads-ті ашсаңыз, бензин сапасына қатысты шағым көп. Алматы тұрғыны АИ-95 маркалы бензин құйғаннан кейін, тіпті жаңа көліктің жүрісі өзгергенін жазған. Астанада да сапалы жанармай іздегендер бар.

Бензин сапасына Энергетика министрлігі жауапты ма?
Мәселенің мән-жайын білу үшін, алдымен Энергетика министрлігіне хабарластық. Аталған ведомство бензин сапасына жауап бермейді екен. «Бұл мәселе ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетітінің құзыретінде» деген жауап алдық.
Комитет жауабы қандай?
Сауда және интеграция министрлігіне де хабарластық. Ведомство мәліметінше, міндетті талаптар Кеден одағының «Автомобиль және авиация бензиніне, дизель және кеме отынына, реактивті қозғалтқыштарға арналған отын мен мазутқа қойылатын талаптар туралы» техникалық регламентімен (ТР ТС 013/2011) белгіленген.
«ТР ТС 013/2011 талаптарына сәйкес, отынның әрбір партиясы сапа паспортымен бірге жүруі тиіс. Құрамында марганец, қорғасын және темір бар металл қоспаларын қолдануға жол берілмейді. Негізгі көрсеткіштердің бірі – бензиннің детонацияға төзімділігін сипаттайтын октан саны», — делінген хабарламада.
Бензин сапасы қай өңірлерде тексерілді: комитет жауабы
Ведомство, сондай-ақ, 2026 жылы Техникалық реттеу және метрология комитетінің аумақтық департаменттері жанармай құю станцияларында 55 бақылау іс-шарасын, оның ішінде жоспардан тыс тексерулерді, профилактикалық бақылауды және бақылау сатып алуын жүргізгенін атап өтті.
«Атап айтқанда, автомобиль бензинінің 22 үлгісі алынды. Зертханалық зерттеулер нәтижесінде бензиннің белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін кемінде 3 жағдайы расталды: оның екеуі октан саны бойынша, біреуі күкірттің массалық үлесі бойынша анықталды.
Астана қаласында 8 жоспардан тыс тексеру жүргізілді: оның жетеуі өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласында, біреуі техникалық реттеу саласында болды. Тексеру қорытындысы бойынша заң бұзушылықтар анықталған жоқ», — делінген хабарламада.
Одан бөлек, комитет Алматы қаласында жеті ай ішінде бензиннің, дизель отынының, мотор майларының және сұйытылған газдың сапасына қатысты 13 өтініш келіп түскенін мәлімдеді.
«АИ-98 және АИ-100 үлгілерінен бөлек, алты шаруашылық жүргізуші субъектінің жанармай құю станцияларынан алынған үлгілерге де зерттеу жүргізілді. Заң бұзушылықтар анықталған жоқ», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Атырау облысында 8 профилактикалық бақылау іс-шарасы жүргізілгені белгілі болды.
«Оның 4 жағдайында жабдықтарда және кассалық чектерде отын маркасы мен экологиялық сыныбының толық көрсетілмегені анықталды. Заң бұзушылықтар берілген нұсқамаларға сәйкес жойылды», — делінген хабарламада.
Ал, Қызылорда облысында АИ-95-К4 бензинінің үш үлгісінің біреуі мәлімделген АИ-92 маркаcына октан саны бойынша сәйкес келмейтіні анықталған.
«Осыған байланысты талаптарға сәйкес келмейтін өнімді алып қою туралы қаулы шығарылды. Сол сияқты Жетісу облысында АИ-92-К4 бензинінің бір үлгісіндегі күкірттің массалық үлесі 105 мг/кг болды, ал норма бойынша ол 50 мг/кг-нан аспауға тиіс. Әкімшілік іс қозғалып, 195 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды», — делінген хабарламада.
Комитет Ақмола, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарындағы жекелеген тексерулер отынды босату дәлдігі мен жабдықтардың метрологиялық жай-күйіне қатысты жүргізілгенін, заң бұзушылықтар анықталмағанын мәлімдеді.
«Октан саны бойынша анықталған сәйкессіздіктерге байланысты жалпы құны 5 764 500 теңге болатын бензин партияларын айналымға шығаруға тыйым салу туралы қаулылар шығарылды. КТРМ аумақтық департаменттері азаматтардың өтініштеріне, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі ақпаратқа мониторинг жүргізуді және заңнамада көзделген негіздер болған жағдайда бақылау іс-шараларын тағайындауды жалғастыруда», — делінген хабарламада.
Түйін
Осылайша, әлеуметтік желілерде бензин сапасының төмендегені туралы шағымдар айтылғанымен, жүргізілген тексерулер нәтижесі барлық жанармай бекеттеріндегі отын сапасы нашарлады дегенді білдірмейді. Дегенмен, Комитеттің дерегінше, 2026 жылы зертханалық тексеру барысында бензиннің белгіленген талаптарға сәйкес келмеген кемінде үш жағдайы анықталған. Оның ішінде октан саны мен күкірттің мөлшері бойынша сәйкессіздіктер тіркелген. Бұл ретте Астана мен Алматыда жүргізілген тексерулердің басым бөлігінде заң бұзушылықтар анықталмаған. Комитет азаматтардың өтініштері мен әлеуметтік желілердегі ақпаратты бақылауды жалғастырып, тиісті негіз болған жағдайда жанармай сапасына қатысты тексерулер жүргізілетінін хабарлады.

