NoFake

Жалған шот-фактура схемасын ұйымдастырған Түркия азаматының мүлкі тәркіленді

Фото: depositphotos

Қазақстанда жалған шот-фактуралар жазу арқылы заңсыз табыс тапқан Түркия азаматының мүлкі мен қылмыстық жолмен алынған кірісі мемлекет меншігіне өтті, деп хабарлайды NoFake.kz.

«Қассациялық наразылық бойынша жоғары саты соты сот актілерін өзгертті. Сотталғанға мүлікті тәркілеу түріндегі қосымша жаза тағайындалып, үй-жай және оны жалға беруден түскен табыс мемлекет меншігіне айналдырылды», – деп мәлімдеді Бас прокуратура.

Іс материалдарына сәйкес, Түркия азаматы Алматы қаласында өзіне бағынышты компаниялар арқылы жұмыстарды нақты орындамай және тауарларды жеткізбей, 1 миллиард теңгеден астам сомаға жалған шот-фактуралар жазып берудің заңсыз схемасын ұйымдастырған.

Тергеу мәліметінше, күдікті қылмыстық әрекеттер нәтижесінде мүліктік пайда тауып, оны заңдастыру мақсатында Астанадан коммерциялық үй-жай сатып алған. Кейін ол нысанды жалға беріп отырған.

«Бірінші сатыдағы сот бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындап, рақымшылық қолданған. Алайда үй-жайды және оны жалға беруден түскен табысты міндетті түрде тәркілеу мәселесі шешілмеген», – деп хабарлады ведомство.

Кейін кассациялық наразылық нәтижесінде жоғары сатыдағы сот іс бойынша сот актілеріне өзгеріс енгізді.

Оқу үшін