NoFake

Жалған схемамен $230 мың ұрлаған күдікті Грекиядан экстрадицияланды

Скрин видео

Қазақстан азаматы аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген күдікпен шетелден елге қайтарылды, деп хабарлайды NoFake.kz.

Операция Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Интерпол қызметкерлерінің қатысуымен, сондай-ақ Қазақстанның Грекиядағы Елшілігінің көмегімен жүзеге асқан.

«Күдікті 2021 жылы Алматы қаласында жұмыс істей отырып, сенімге кіріп, аса ірі мөлшерде қаражатты иемденген. Қылмыс жасағаннан кейін ол жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланды. 2024 жылдың маусымында Грекия аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды», – деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Тергеу мәліметінше, күдікті Алматыдағы тасымалдау компаниясында бухгалтер болып жұмыс істеп, басшысынан 230 мың АҚШ долларын «банк сейфінде сақтау» сылтауымен алып, қаражатты иемденіп кеткен.

Қазақстан мен Грекия арасында тікелей әуе рейстері болмағандықтан, күдіктіні елге жеткізу Сербия арқылы ұйымдастырылған. Бұл процеске Қазақстанның Сербиядағы Елшілігі де қолдау көрсеткен.

Қазір күдікті Астанадағы тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған айып дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Оқу үшін