NoFake

Жалған сайтта жоқ тауарды сатады: Ұстаздар күні қарсаңында жаңа алаяқтық схема шықты

Фото: Depositphotos

Алаяқтар мұғалімдерге арналған сыйлықтарды тиімді бағамен сататын жалған сайттар арқылы азаматтардың ақшасын иемденуге тырысады.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Ұстаздар күні қарсаңында таралып жатқан жаңа алаяқтық схемасын әшкереледі.

«Алаяқтар ұстаздарға арналған тиімді сыйлық ұсыныстары бар жалған сайттарға сілтемелер жібереді. Алдау үшін жасанды интеллект көмегімен іс жүзінде жоқ тауарлардың суреттерін жасайды, ал сатушының орнына сатып алушыға чат-бот жауап береді», — делінген хабарламада.

Мұндай сайттар сырттай шынайы интернет-дүкендерге ұқсайды. Алайда тапсырыс беріп, алдын ала төлем жасаған адам ақшасынан айырылып, тапсырысын да ала алмай қалуы мүмкін.

Алаяқтардың құрбаны болмас үшін мамандар:

  • күмәнді хабарламалардағы сілтемелерге өтпеуге және ондағы нөмірлерге қоңырау шалмауға;
  • пароль, PIN-код, банк картасының CVV-коды мен SMS арқылы келген растау кодтарын ешкімге бермеуге;
  • сайт пен сатушының сенімділігіне көз жеткізбей, алдын ала төлем жасамауға;
  • тапсырыс туралы ақпаратты сатушының ресми сайты немесе қосымшасы арқылы өз бетінше тексеруге кеңес береді.

Егер банк картасының деректерін беріп қойған болсаңыз немесе шотыңыздан күмәнді ақша аударылғанын байқасаңыз, банкке дереу хабарласып, картаны бұғаттау қажет. Сондай-ақ болған жағдай туралы полицияға хабарлау керек.

Оқу үшін