Жалған сайт, гранттар мен дипфейк: Футбол төңірегінде фейк тарап жатыр

Иллюстрация: ИИ
Футболдан әлем чемпионаты туралы түрлі фейк тарап жатыр. Биыл алаяқтар ЖИ-ді жиі пайдаланған, деп хабарлайды Nofake.kz.
2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты басталыcымен, мұны алаяқтар да өз мақсатына ұтымды пайдаланып отыр. Олар FIFA бренді мен әлемдік біріншілік төңірегіндегі іс-шараларды ақша мен жеке деректерді ұрлау құралына айналдырған. Осылайша, әлемде жалған сайттар, билеттер туралы фейк акциялар, ойдан шығарылған гранттар мен танымал футболшылардың қатысуымен жасалған дипфейктер қазірдің өзінде кең таралып жатыр.
FIFA-ның жалған сайттары мен жалған билеттер
Алаяқтар ең жиі қолданатын схемалардың бірі — FIFA-ның ресми порталы cияқты жасалған жалған сайттар. Мамыр айының соңында АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы әлем чемпионаты қарсаңында пайда болған ондаған осындай ресурс туралы арнайы ескерту жариялады.
Мұндай сайттарды түпнұсқа, ресми сайттан ажырату өте қиын. Алаяқтар ол үшін сайтқа ұқсас дизайн, логотип және ресми мекенжайдан бір-екі таңбаға ғана айырмашылығы бар домендерді пайдаланады. Сонымен бірге олар, пайдаланушыларға билеттер, VIP-пакеттер және турнирге қатысты өзге де қызметтер ұсынады. Алайда мұндай платформалардың басты мақсаты – жеке деректер мен банк карталарының реквизиттерін иемдену.
«Алаяқтар пайдаланушылардың аты-жөні, үй мекенжайы, телефон нөмірі, электронды поштасы және банктік деректері сияқты жеке ақпараттарын жинау үшін заңды сайттардың домендерін аздап өзгертіп, жалған веб-сайттар жасайды. Мысалы, олар сөздердің балама жазылуын немесе басқа жоғарғы деңгейлі домендерді пайдаланып, жалған сайт жасайды. Пайдаланушылар FIFA сайтына кіруге тырысып, байқамай жалған сайттарға өтіп кетуі әбден мүмкін», – делінген FBI ескертуінде.
Ведомствоның мәліметінше, алаяқтар FIFA-ға қатысты ресми сервистерге ұқсатып, jobs-fifa[.]com секілді домендерді де тіркеуде.

«Тегін билеттер» туралы жалған жарнама
Маусымның басында әлеуметтік желілерде FIFA әлем чемпионаты матчтарына билеттерді тегін тарата бастады деген ақпарат тараған. Бұл хабар жанкүйерлер арасында бұрын-соңды болмаған акция ретінде қызу талқыға түсті. Алайда шын мәнінде мұның бәрі техникалық ақаудың салдары болып шықты. FIFA-ның ресми сайтындағы қателік салдарынан шамамен 60 билет төлемсіз рәсімделген. Reuters агенттігінің хабарлауынша, ешқандай акция ұйымдастырылмаған.
«FIFA сайттағы техникалық қателік салдарынан билеттерді тегін алып кеткен шамамен 60 жанкүйердің билеттерін жарамсыз деп танып, енді олардан толық төлем жасауды талап етіп отыр», – деп хабарлады агенттік.
Кейін ұйым қате рәсімделген операцияларды жойып, билет иелеріне толық құнын төлеуді ұсынды. Демек, бұл жанкүйерлерге жасалған сыйлық емес, кезекті вирустық фейкке негіз болған техникалық ақау ғана болған.

500 мың долларлық жалған гранттар
Киберқауіпсіздік мамандары тағы бір алаяқтық схеманы анықтады. Пайдаланушыларға әлем чемпионатына бару, тұру және матчтарға қатысу үшін 500 мың доллар көлеміндегі грант ұтып алғаны туралы хаттар жіберіле бастаған. Мәселен, ұйымдастырушылар жолақыны, қонақүйді және матч билеттерін толық төлеп береді. Ал, ақшаны алу үшін адамға сілтемеге өту, сауалнама толтыру немесе түрлі алымдарды төлеу ұсынылады. Шын мәнінде мұндай грант мүлдем болмаған, яғни ол фейк.
Kaspersky компаниясының мамандары мұндай хаттар жеке деректерді жинаумен қатар, зиянды бағдарламаларды тарату үшін де қолданылатынын айтады.
«Өкінішке қарай, аудиторияны тартатын ірі спорттық іс-шаралар алаяқтардың назарынан ешқашан тыс қалмайды. Бір қарағанда қауіпсіз немесе тартымды көрінетін хаттардың ішінде қауіпті сілтемелер ғана емес, зиянды файлдар да болуы мүмкін. Кей жағдайларда мұндай хабарламалар түрлі зақымдануларға әкеледі. Сондықтан күмәнді хаттар мен сайттарға өтпеу керек. Бұл қаржы, жеке деректеріңізді және құрылғыларыңызды қорғауға көмектеседі», – дейді Kaspersky компаниясының спамға қарсы аға сарапшысы Анна Лазаричева.

Жалған жұмыс орындары мен туристік тұзақ
Әлем чемпионатына деген қызығушылық жалған бос жұмыс орындарын тарату үшін де пайдаланылып жатыр. Мысалы, азаматтарға аудармашы, ерікті, қонақүй қызметкері немесе іс-шара ұйымдастырушысы ретінде жұмыс ұсынылады.
Сондай-ақ туристік алаяқтық ұсыныстар да көбейген. Киберқауіпсіздік сарапшыларының мәліметінше, интернеттің көлеңкелі сегментінде авиабилеттерді, қонақүй брондарын және автокөлік жалдау қызметтерін нарықтық бағадан әлдеқайда арзан бағамен ұсынатын хабарландырулар пайда болған.
Мысалы, кейбір сатушылар танымал брондау сервистеріндегі бағадан 40–45 пайыз арзан қонақүй орналастыруын, нарықтық құнның жарты бағасына авиабилеттерді және 60 пайызға дейінгі жеңілдікпен көлік жалдауды ұсынған. Мұндай шамадан тыс тиімді ұсыныстар алаяқтықтың басты белгілерінің бірі болып саналады.
Сонымен қатар түрлі жалған форумдарда АҚШ-қа заңсыз кіру жолдарын ұйымдастыру және визаларды рәсімдеу бойынша ұсыныстар да таралған. Хабарландырулардың бірінде шекарадан өткізу қызметі үшін 8 мыңнан 20 мың долларға дейінгі баға көрсетілген. Сондай-ақ әлем чемпионатымен байланысты деп көрсетілген O-1, O-2 және туристік визалар бір адамға 6 мың доллардан ұсынылған.
Жалған трансляциялар мен зиянды қосымшалар
Әлем чемпионаты басталғаннан кейін матчтарды тегін көрсетуге уәде беретін сайттардың саны да артып келеді. Сарапшылар мұндай ресурстар көбінесе зиянды бағдарламаларды тарату және пайдаланушылардың аккаунттарын ұрлау үшін қолданылатынын ескертеді.
Euronews мәліметінше, алаяқтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жалған стримингтік платформалардың сілтемелерін белсенді таратқан.
«Facebook, X және Telegram сияқты әлеуметтік желілерде белгілі бір матчтың тікелей көрсетілімін уәде ететін жалған сілтемелер кең тарады. Мұндай сілтемелер көбіне ойын басталардан бірнеше минут бұрын жабық топтар мен арналарда жарияланып, пайдаланушылардан трансляция басталғанға дейін тез арада тіркелуді немесе арнайы «плеерді» орнатуды талап етеді», – деп жазады Euronews.
Мамандар матчтарды тек ресми трансляция иелері арқылы көруге және әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы келген күмәнді сілтемелерден сақ болуға кеңес береді.
Дипфейктер де таралды
Жылдың басты футбол додасы енді ғана басталса да, футбол алаңдарындағы шынайы кадрлармен қатар ақпараттық кеңістікті ЖИ көмегімен жасалған видеолар да тарап жатыр.
Халықаралық киберқауіпсіздік сарапшылары әлем чемпионаты кезінде алаяқтардың дипфейк технологияларын белсенді қолдануы мүмкін екенін ескертеді. Дипфейктерде танымал футболшылар, жаттықтырушылар немесе спорт комментаторлары белгілі бір мәлімдемелер жасап жатқандай, түрлі жобаларды жарнамалап жатқандай немесе ешқашан болмаған акцияларға қатысуға шақырып жатқандай көрінеді.
Осындай видеолар жалған ұтыс ойындарын насихаттау, жалған билеттерді сату, фейк ақпарат тарату немесе пайдаланушылардан ақша бопсалау үшін қолданылуы мүмкін. Қазіргі технологиялардың даму деңгейі соншалық, мұндай бейнелерді шынайы жазбалардан ажырату өте қиын.


