Жалған психологтар: Сенат жаңа заңды бекітті

Фото: ҚР Парламентінің Сенаты
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов Сенатта «Психологиялық қызмет туралы» заң бекітіліп, Президенттің қол қоюына жіберілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Оның айтуынша, бұған дейін күйзеліске түскен адамдар желіде әдемі парақшасы мен күмәнді сертификаты бар «маманды» тауып, соңғы ақшасын санап берген. Десе де, олардың жағдайы жақсармай, тек нашарлай түсті, дейді депутат.
«Мыңдаған адамның, отбасының тағдырын күл-талқан етті. Сала заңмен реттелмегендіктен, олар ешқандай жауапқа тартылмайтын. Енді бұл өзгереді», — деді ол.
Заңның басты бағыттары:
1. Дипломсыз және реестрсіз психолог болмайды. Енді арнайы жоғары білімі (дипломы) жоқ және бірыңғай мемлекеттік реестрге тіркелмеген адамдарға өзін «психолог» деп атауға заңмен тыйым салынады. Кез келген азамат маманның реестрде бар-жоғын оңай тексере алады. Реестрде жоқтардың қызмет көрсетуге құқығы болмайды.
2. «Психо» атауын жамылып алдауға жол берілмейді. Дипломы жоқ “мамандар””тренерлерге” өз жарнамасында «психолог» сөзін, сондай-ақ одан туындайтын кез келген атауларды (мысалы, «психо-коуч», «психо-кеңесші») қолдануға ресми түрде тыйым салынады. Сөйтіп 2 апталық курсты бітіргендер енді аталған қызметті көрсете алмайды.
3. Онлайн-жарнама бақыланады. Психологтар әлеуметтік желіде өздерінің реестрдегі нөмірін міндетті түрде көрсетуі тиіс. Ал егер ақпарат желіде болмаған жағдайда, онда мұндай мамандар жауапкершілікке тартылады.
4. Реестрге ену үшін, арнайы жоғары білім болып, арнайы курстардан өтуі тиіс. Яғни, ол шын мәнінде адамның жанымен жұмыс істей алатын білікті маман болуы керек.
Аталған заңға Президент қол қойғаннан кейін, ол күшіне енетін болады.


