Жалған пәтер хабарландыруымен тұрғындарды алдаған Ақмола тұрғыны ұсталды

Фото: Depositphotos
Ақмола облысында интернетке жалған пәтер жалдау хабарландыруларын орналастырып, азаматтардан алдын ала төлем алған әйел анықталды. Полиция мәліметінше, өңірде осыған ұқсас үш алаяқтық дерегі тіркелген, деп хабарлайды NoFake.kz.
«Пәтердің бар екеніне және оны жалға ұсынатын адамның өкілеттіктеріне көз жеткізбестен алдын ала төлемді аудармаңыз», — деп ескертті полиция.
Сотқа дейінгі тергеудің басталуына 36 жастағы жергілікті тұрғынның арызы себеп болған.
Жәбірленуші OLX платформасынан Алматы қаласында пәтер жалға беру туралы хабарландыру тауып, оны орналастырған адаммен WhatsApp арқылы байланысқан. Ұсынылған нұсқаға келіскеннен кейін алдын ала төлем аударған.
Кейін хат-хабарлар өшіріліп, хабарландыруды орналастырған адам байланысқа шықпай қойған.
Жедел-тергеу шаралары барысында полиция 31 жастағы жергілікті тұрғынды анықтады. Ведомство мәліметінше, әйел кінәсін мойындаған.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, күдіктінің осыған ұқсас басқа алаяқтық деректеріне қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Құқық қорғау органдары осындай алаяқтыққа тап болған азаматтарды полицияға хабарласуға шақырды.


