Жалған аккаунттар мен боттар: желіде манипуляция жасап, дүрбелең туғызуды көздейтін боттар тағы да көбейді

Фото: pixabay.com
Әлеуметтік желіде тағы да жалған аккаунттар мен боттар қаптап, ел арасында дүрбелең туғызып жатыр, деп хабарлайды Nofake.kz
Желі неге шулады?
Әлеуметтік желі қолданушылары тағы да желіде митинг тақырыбы көтеріліп жатқанын жиі талқылап жатыр.

Аккаунттар жалған екені рас па?
Nofake.kz митингке үндеген аккаунттардың бірқатарын тексеріп көрді. Мысалы, Threads желісіндегі myrbk1000 аккаунтына кіргенімізде, алдымен аккаунт атауы түсініксіз екенін, сондай-ақ қолданушыды бар-жоғы 6 адам оқитынын, демек оның бот болуы мүмкін екеніне көз жеткізді.

Митингке үндеген аккаунт иелерінің барлығы елде тұрып жатыр ма?
Митингке үндеген аккаунттардың тағы бірін тексерсегінімізде аккаунт иесінің АҚШ-та тұратынын, митинг туралы жазбасы ескі екенін байқадық. Демек, мұндай аккаунттар да адамдарға манипуляция жасап, жалған аккаунт, посттармен жалған ақпарат таратуы әбден мүмкін.

Жалған аккаунттардағы әскери техника: боттар нені көздейді
Threads желісінде, сондай-ақ, қала көшелерінде түрлі әскери техника жүргені түрлі жазбалар тарады. Осындай әскери техника видеосын жүктеген аккаунттардың біріне кіріп, тексергенімізде — оның атауы беймәлім екенін, ал аккаунттағы оқырмандар саны тіпті 0-ге тең екенін көрдік. Одан бөлек, аккаунт иесінің бірде-бір жазбасы, не суреті жоқ.

Демек, түрлі әскери техника жүріп жатқан видеоларды жүктеп, желіге салып жатқан аккаунттар – бот болуы әбден мүмкін. Бір қызығы, Threads желісіне мониторинг жүргізу барысында осындай атауы белгісіз, алайда көпшілік арасында «Не болып жатыр? Тыныштық па?» деген сарындағы пост жариялап жатқандардың көп екенін байқадық.

Осы ретте, аккаунт атауы белгісіз, өз оқырманы мен суреті жоқ парақшалардың жалған аккаунт, бот болуы мүмкін екенін тағы бір мәрте ескертеміз.
Сондай-ақ, қала көшелеріндегі әскери техниканың елордада өтіп жатқан ауқымды халықаралық AI & Digital Bridge іс-шарасы кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларымен байланысты болуы мүмкін екенін еске саламыз. Себебі, әдетте мемлекеттік органдардың басшылары, шетелдік қонақтар, халықаралық ұйымдардың, жетекші компаниялардың өкілдерінің қатысуымен болатын іс-шараларда қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Яғни, мұндай жағдайларда қауіпсіздік шараларын күшейту және арнайы техниканы тарту — жоғары лауазымды делегациялар қатысатын іс-шараларды ұйымдастыру кезіндегі стандартты тәжірибе екенін және ол халықаралық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетінін атап өткен жөн.
Түйін
Осылайша, митингке шақыратын және әскери техниканың қозғалысын төтенше жағдай ретінде көрсететін жазбаларды таратпас бұрын олардың дереккөзін тексеру қажет. Себебі, кейбір аккаунттардың жалған немесе бот болуы мүмкін екені байқалады. Жалған аккаунттар мен боттар арқылы тараған расталмаған ақпарат қоғамда негізсіз алаңдаушылық пен дүрбелең туғызуы мүмкін. Сондықтан мұндай жазбаларды таратпас бұрын ақпараттың ресми дереккөздерде расталғанын тексеру маңызды.


