NoFake

Жалған аккаунтпен полицей атын жамылып ақша бопсалаған астаналық сотталды

Коллаж: Nofake.kz

Қала тұрғыны мессенджерде жалған аккаунт ашып, өзін құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырған. Осылайша ол жәбірленушіні жеке деректерінің таралуынан «қорғаймын» деп сендіріп, 17,6 млн теңгеден астам ақша алған.

Прокуратура мәліметінше, сотталушы жәбірленушінің жеке өміріне қатысты ақпаратты иемденіп, оны жариялаймын деп қорқытып, ақша талап еткен.

Бұдан кейін ол мессенджерде құқық қорғау органының қызметкері ретінде жалған аккаунт құрған. Сол арқылы жәбірленушіге жеке мәліметтерінің таралмауы мәселесін ақшаға «шешуге» болатынын айтып, психологиялық қысым жасаған.

Жәбірленуші қорқытудың жүзеге асуынан қауіптеніп, оған 17,6 млн теңгеден астам ақша берген.

Мемлекеттік айыптаушы сотта сотталушының кінәсін дәлелдейтін материалдарды ұсынған. Нәтижесінде сот оны 7 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Прокуратура азаматтарды мұндай бопсалауға бой алдырмауға және қорқыту фактілері болған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырды.

Оқу үшін