Зейнеткерлер инфляция өтемақысын жыл соңына дейін алуы керек екені рас па

Фото: Depositphotos
Әлеуметтік желіде зейнетақы жинақтарының инфляцияға байланысты өтемақысы жойылатыны туралы ақпарат тарады. NoFake.kz оның қаншалықты рас екенін анықтады.
«Зейнеткерлер 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін мемлекеттен біржолғы төлем – БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының инфляцияға байланысты өтемақысын (мемлекеттік кепілдік) ала алады. 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап ол жойылады. Оны кімдер ала алады? Зейнеткерлік жасқа жетіп, зейнетке шыққан, бірақ осы төлемді алуға әлі өтініш бермеген азаматтар, сондай-ақ мүгедектігі мерзімсіз белгіленген адамдар», – делінген хабарламада.

Редакция тілшісі тараған ақпараттың қаншалықты рас екенін анықтау үшін БЖЗҚ-ның баспасөз қызметіне хабарласып, желіде тарағанда хабарламадағы ақпараттың қай тұсы рас, ал қайсысы жалған екенін мамандардан білді.
Тараған ақпараттың қай тұсы рас, қай тұсы жалған?
2027 жылдың 1 қаңтарына дейін мемлекет зейнетақы жинақтарының инфляцияға байланысты айырмасын өтейді – рас. Төлем азаматтың оған құқығы және өтелуге тиіс айырма болған жағдайда жүзеге асырылады.2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап инфляция деңгейін ескеретін мемлекеттік кепілдік жойылады – рас. Тиісті өзгерістер ҚР Әлеуметтік кодексінің 217-бабында көзделген.
Мемлекеттік кепілдік толығымен жойылады – жалған. Мемлекет нақты енгізілген міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сақталуына кепілдік беруді жалғастырады, алайда инфляция деңгейі ескерілмейді.
Барлық зейнеткер 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін бөлек өтініш беруі керек – жалған. Қазіргі уақытта зейнетақы төлемдерін рәсімдеу кезінде мемлекеттік кепілдік бойынша айырма автоматты түрде есептеледі. Ал бұрын зейнетке шыққан, бірақ тиесілі өтемақысын алмаған азаматтарға қатысты тәртіп қосымша нақтылауды қажет етеді.
Барлық зейнеткер өтемақы ала алады – жалған. Төлем алу құқығы мен оның мөлшері әр азамат бойынша жеке есептеледі.
Мүгедектігі бар азаматтар өтемақы ала алады – рас. Бұл заңнамада белгіленген талаптарды сақтаған, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар азаматтарға қатысты.
Зейнетақы төлемдерін уақытында рәсімдеу маңызды
Мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жүзеге асырады.
«Қазіргі уақытта азамат зейнетке шыққан кезде мемлекеттік бюджеттен және БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алуға өтініш берсе, мемлекеттік кепілдік бойынша айырма проактивті түрде, яғни автоматты түрде есептеледі. Егер алушының оған құқығы болса, төлемді Мемлекеттік корпорация жүзеге асырады. Сондықтан бөлек өтініш берудің қажеті жоқ», – деп түсіндірді БЖЗҚ баспасөз қызметі.
Қор өкілдері азаматтарға зейнетақы төлемдерін рәсімдеуді кейінге қалдырмауға кеңес берді. Өйткені өтініштің берілген күні зейнетақының тағайындалу мерзіміне тікелей әсер етеді.
«Зейнетақы төлемдерін алуға өтінішті уақытында беру қажет. Оны зейнеткерлік жасқа толғанға дейін 10 күн бұрын беруге болады. Зейнетақы азаматтың зейнеткерлік жасқа толған күнінен бастап, ал өтініш кеш берілген жағдайда жүгінген күнінен бастап тағайындалады», – деді БЖЗҚ өкілдері.
Мемлекеттік кепілдік қалай өзгереді?
БЖЗҚ 2026 жылдың 21 шілдесінде мемлекеттік кепілдікті жүзеге асыру тәсілінің өзгеруіне қатысты ресми түсініктеме жариялаған.
2027 жылдан бастап зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз етуде инвестициялық басқарудың тиімділігіне, қаржы құралдарын әртараптандыруға және инвестициялық тәуекелдерді төмендетуге басымдық беріледі.
«Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жүйесі мемлекеттің көпдеңгейлі бақылауында қала береді», – делінген қордың ресми түсініктемесінде.
Сонымен қатар азаматтар зейнетақы жинақтарын Ұлттық банктің басқаруында қалдыруға немесе инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға беруге құқылы.
Түйін
Әлеуметтік желіде тараған ақпарат ішінара рас. 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік кепілдіктің инфляцияны ескеретін бөлігі шынымен жойылады. Алайда зейнетақы жарналарының сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдік өз күшінде қалады. Қазіргі уақытта зейнетке шығатын азаматтарға өтемақы алу үшін бөлек өтініш берудің қажеті жоқ. Ең бастысы – зейнетақы төлемдерін уақытында рәсімдеу.
Бұған дейін зейнетке шыққан, бірақ мемлекеттік кепілдік бойынша өзіне тиесілі өтемақыны алмаған азаматтардың бұл төлемді 2027 жылдан кейін де алу құқығы сақтала ма? Мүгедектігі бар азаматтар өтемақы алу үшін бөлек өтініш беруі керек пе? Сондай-ақ азаматтар өтемақының бұрын төленген-төленбегенін қалай тексере алады? Осы мәселелерді нақтылау үшін NoFake.kz редакциясы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына ресми сауал жолдады. Жауап келгеннен кейін материал толықтырылады.


