NoFake

Үш алматылық айналымы 3,6 млрд теңге болған дропперлер желісін қалай құрды

Үш алматылық айналымы 3,6 млрд теңге болған дропперлер желісін қалай құрды

Скрин видеодан

Алматының үш тұрғыны Қырғызстан азаматтарының банк шоттарын заңсыз криптовалюта саудасына және онлайн-казинолардың төлемдерін өңдеуге пайдаланды деген күдікке ілінді. Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) мәліметінше, бұл шоттарға жалпы сомасы 3,6 млрд теңгеден астам қаражат түскен, деп хабарлайды NoFake.kz.

ҚМА-ның Алматы облысы бойынша департаменті цифрлық активтердің заңсыз айналымы, өзге адамдардың банк шоттарына қол жеткізу құқығын сатып алу және заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға жәрдемдесу деректері бойынша тергеуді аяқтады.

Қырғызстан азаматтарын қалай тартқан?

Тергеу мәліметінше, күдіктілер делдалдар арқылы Қырғызстан азаматтарын Қазақстанға шақырған. Олардың басым бөлігі жастар болған. Арасында студенттер мен қаржылай қиналып жүрген адамдар бар. Күдіктілер олардың жолақысын, жатын орны мен тамағын төлеп, ұялы телефон және SIM-карта берген. Қазақстанға келгендер сыйақыға өздерінің банк шоттарын пайдалануға рұқсат беріп, кейін еліне қайтқан.

Онлайн-казинолардан 4 пайыз сыйақы алған

ҚМА мәліметінше, күдіктілер осы шоттар арқылы USDT криптовалютасын лицензиясыз сатып алып, сатқан. Сондай-ақ олар «SkyPhoenix» халықаралық төлем платформасы арқылы «Pinco», «Pinup», «Nomad Games», «Sultan Games» және басқа да онлайн-казинолардың ойыншыларынан төлем қабылдап, ұтыстарын төлеген.

Тергеу дерегінше, күдіктілер казино ұйымдастырушыларының табысын криптовалютаға айырбастап, шығарып беріп отырған. Осы қызметтері үшін олар түскен қаражаттың 4 пайызын алған. Екі күдікті үйқамаққа алынды. Сот санкциясымен үш автокөлік пен бір жер учаскесіне тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Оқу үшін