NoFake

«Зейнетақы жарнаңыз түспей жатыр»: БЖЗҚ алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескертті

«Зейнетақы жарнаңыз түспей жатыр»: БЖЗҚ алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескертті

Алаяқтар БЖЗҚ қызметкерінің атын жамылып, салымшыларға «зейнетақы жарнаңыз түспей жатыр» деп қоңырау шалады. Артынша «мән-жайды анықтау үшін сізді қор бөлімшесіне кезекке жазайық» деп телефонға келген SMS-кодты сұрайды, деп хабарлайды NoFake.kz.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметінше, алаяқтар мессенджер арқылы да хабарласады. Біріне жарнасы түспей жатқанын айтса, енді біріне зейнетақысы қайта есептелгенін немесе қосымша төлем тағайындалғанын хабарлайды. Төлемді рәсімдеуге көмектесеміз деген сылтаумен жеке деректерін сұрап, электрондық кезекке жазу үшін SMS-кодты айту қажет деп сендіреді.

«БЖЗҚ қызметкерлері ешқашан телефон арқылы жеке деректерді сұрамайтынын, SMS-кодтарды немесе парольдерді айтуды, сондай-ақ қандай да бір шотқа ақша аударуды талап етпейтінін есте ұстаған жөн», — делінген қордың хабарламасында.

Алаяқтар кәсіпорын қызметкерлері мен бухгалтерлерге де қоңырау шалуы мүмкін. Бұл жолы «зейнетақы шотыңыз бұғатталды» деп, оларды өзін сот орындаушысы ретінде таныстырған адаммен байланыстырады. Ол шотты қайта ашу үшін «айыппұл» төлеуді талап етеді. Қор мәліметінше, зейнетақы төлемдері тегін рәсімделеді. Алаяқтық белгілерін байқасаңыз, полицияға хабарласқан жөн.

Оқу үшін