NoFake

Таяу Шығыстағы қазақстандықтар арасында зардап шеккендер жоқ — СІМ

Фото: Авиация комитеті

Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты брифингте қазақстандықтар арасында зардап шеккендер немесе қаза болғандар туралы ақпарат түспегенін мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Зардап шеккендер туралы дерек

Министрлік өкілі қазіргі уақытта жағдайдың тұрақты бақылауда екенін атап өтті.

«Осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасының азаматтары арасында зардап шеккендер немесе қаза болғандар туралы ақпарат түскен жоқ», — деді СІМ өкілі Ерлан Жетібаев.

Шұғыл жұмыс режимі                                                                 

Ведомство мәліметінше, қазақстандық дипломаттар орталық аппаратт мен өңірлерде тәулік бойы жұмысты жалғастырып жатыр. Отандастарға қажетті көмекті ұйымдастыруға арналған арнайы штаб құрылды. СІМ өкілі эвакуациялау процесінің қиындығына тоқталып, азаматтардан қолдау сұрады.

«Азаматтардың эвакуациялау қызметін ұйымдастырудың күрделілігіне түсіністікпен қарап, қазақстанның шетелдегі мекемелерінің қызметкерлеріне барынша қолдау көрсетуді сұраймыз»,-деді ол.

Эвакуация кезектілігі

Ұйымдастыру жұмыстары барысында белгілі бір санаттағы азаматтарға басымдық берілетіні хабарланды:

«Эвакуациялау кезінде зейнеткерлерге, ата анасымен жүрген балаларға, жүкті әйелдерге, кәмелетке толмағандарға және денсаулығында шектеулері бар адамдарға басымдық беріледі», —  СІМ деді ресми өкілі.

Аймақтағы қазақстандықтардың саны

Бүгінгі таңда Таяу Шығыс елдерінде жүрген қазақстандықтардың ресми саны келесідей:

БАӘ 4 000-нан астам, Қатар 3 000-нан астам, Сауд Арабиясы Корольдігі шамамен 1 800, Израиль 163, Иран 47 адам.

Ал 946 азамат елге аман-есен оралған. Жақын арада Масқат қаласы арқылы  314 азаматымыз бар рейс қонды. Кейін осы бағыт бойынша шамамен 230 адамды қамтитын екінші топтың ұшырылуы жоспарланып отыр. Осылайша бүгін-ертең Оманнан елімізге 500-ден астам қазақстандық елге оралады.

Сонымен қатар, бүгін-ертең Жидда-Атырау және Жидда-Ақтау бағыттары бойынша жоспарланған рейстер елге келеді. Бүгін таңда Жиддадан бірнеше рейс ел әуежайларына келіп қонды. Олармен тағы 326 азамат елге қайтарылады деп  күтіледі. Сыртқы істер министрлігі жағдайдың өзгеруіне байланысты қосымша ақпарат берілетінін мәлімдеді.

Оқу үшін