Wildberries қоймалары Қазақстанға көшіріледі — фейк

Фото: pixabay.com
Осыдан бірнеше күн бұрын Ресейдегі бірнеше қалада Wildberries қоймаларында жарылыс болған еді. Салдарынан көрші ел қоймаларын Қазақстанға көшіреді деген ақпарат тарады. Ол қаншалықты рас? ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен Wildberries компаниясының Қазақстандағы өкілдігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Желі неге шулады: қазақстандықтар пікірі
Ресейдегі Wildberries қоймаларындағы жарылыстардан кейін, желіде іле-шала енді компания қоймалары Қазақстанға көшіріледі деген ақпарат тарады. Қазақстандықтар бұл ақпаратты әр түрлі қабылдап, өз пікірлерін желіде жарыса жазып жатыр.

Wildberries қоймалары Қазақстанда ашылуы мүмкін бе: Сауда министрлігінің мәлімдемесі
Ведомство мәліметінше, ҚР Сауда және интеграция министрлігі ірі халықаралық сауда платформаларының логистикалық инфрақұрылымының даму үрдістерін тұрақты түрде бақылап отырады. Айтуларынша, қазіргі таңда Wildberries компаниясынан Қазақстан Республикасының аумағында қосымша қойма қуаттарын орналастыру мәселесіне қатысты Министрлікке ресми өтініш келіп түспеген.
«Тиісті ұсыныстар келіп түскен жағдайда, олар ҚР ұлттық мүдделерін ескеріле отырып, заңнама талаптарына сәйкес қаралады. Министрлік үшін халықаралық компаниялардың кез келген жобалары елдің ұлттық мүдделеріне сай, өзара тиімді негізде жүзеге асырылуы маңызды. Мұндай жобалар отандық кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырып, Қазақстан экономикасына инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етуі тиіс», — делінген хабарламада.
Министрлік, сондай-ақ Қазақстанның транзиттік және логистикалық әлеуеті жоғары екенін атап өтті.
«Осыған байланысты Министрлік заманауи қойма және логистикалық инфрақұрылымды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ трансшекаралық электрондық сауданы ілгерілетуге бағытталған инвестициялық жобаларды қолдайды», — делінген хабарламада.
Бұл ретте, сауда министрлігі тауарларды тасымалдау, сақтау және айналымға шығару процестері ҚР қолданыстағы заңнамасымен және Еуразиялық экономикалық одақтың құқықтық нормаларымен реттелетінін жеткізді. Сондай-ақ, ведомство нарықтың жекелеген қатысушылары үшін қандай да бір ерекше жағдайлар немесе арнайы талаптар көзделмегенін атап өтті.
Wildberries-тің Қазақстандағы өкілдігі не дейді?
Wildberries компаниясының Қазақстандағы желіде тараған «Wildberries қоймалары Қазақстанда ашылады» деген ақпаратты жоққа шығарды.
«Ол ақпаратты жоққа шығарамыз. Компания бүгінде қызмет ететін елдерде логистикалық нысандарды салу бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Олардың бір бөлігі жақын арада пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда біздің негізгі ұйымдастырушылық күш-жігеріміз тауарларды әртүрлі қоймалар арасында қайта бөлуге бағытталған. Бұл олардың айналымын тиімді ұйымдастыруға және серіктестеріміздің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, компанияда бүгінде Wildberries платформасында Қазақстаннан 120 мыңнан астам кәсіпкер ресми тіркелгенін атап өтті. Одан бөлек, қоймаларға жасалған шабуылдар жалғасып жатқанына қарамастан, компания Wildberries жұмыс істейтін барлық елдердегі 88 мыңнан астам сатушыға өтемақы төлеудің алғашқы кезеңін жүзеге асырғаны белгілі болды.
«Алғашқы транш аясында шағын бизнес өкілдері мен қоймадағы тауар қалдығы аз сатушылар қамтылды. Сондай-ақ, компания Ресейдегі өңірлік қоймаларға транзиттік жеткізілімдерді тегін ету, тауарларды сақтау қызметіне жеңілдіктер ұсыну, сатушылар үшін логистика құнына әсер ететін өңірлік индекстерді тұрақтандыру, жекелеген акциялар бойынша сатып алушыларға берілетін жеңілдіктерді өз қаражаты есебінен ұлғайту шараларын қолға алды», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, компания өкілдері жақын уақытта Wildberries Қазақстандағы қауымдастықтармен және мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірқатар жұмыс кездесулерін өткізуді жоспарлап отырғанын атап өтті.
«Кездесулер барысында жол картасы мен қазақстандық сатушыларды қолдау шаралары талқыланады», — делінген хабарламада.
Түйін
Желіде тараған «Wildberries қоймалары Қазақстанға көшіріледі» деген ақпарат расталмады. ҚР Сауда және интеграция министрлігі қазіргі уақытта компаниядан Қазақстанда қосымша қойма ашуға қатысты ресми өтініш түспегенін мәлімдеді. Ал Wildberries өкілдері бұл ақпаратты жоққа шығарып, қазіргі жұмыстар тек қолданыстағы логистикалық инфрақұрылымды дамытуға және тауарларды түрлі қоймалар арасында тиімді қайта бөлуге бағытталғанын түсіндірді. Сонымен қатар, компания қоймалардағы оқиғадан зардап шеккен сатушыларға қолдау көрсетуді жалғастырып, қазақстандық кәсіпкерлерді қолдау мәселесін мемлекеттік органдармен бірлесіп талқылауды жоспарлап отыр.


