Үлкен Алматы жағасындағы асфальттың бірнеше рет сүрілгені рас па

Скриншот: Thread/kostyanoyy
Threads әлеуметтік желісінде Алматыдағы Үлкен Алматы жағасындағы асфальт осымен бірнеше рет сүріліп, қайта төселді деген ақпарат тарады. Nofake.kz аталған ақпарат қаншалықты рас екенін білу үшін, қала әкімдігіне хабарласты.
Жағадағы асфальт жабыны: тұрғындар не дейді?
Қала тұрғындарының айтуынша, шаһардағы Үлкен Алматы жағасындағы асфальтті биылғы жазда осымен бірнеше рет сүріп, қайта жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Асфальт жабыны неге бірнеше рет сүрілді?
Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы әлеуметтік желілерде тараған «Үлкен Алматы өзенінің №1 тұндырғыштан Абай даңғылына дейінгі арнасын қайта жаңғырту және оған іргелес аумақты абаттандыру» жобасы аясында асфальтбетон жабынының қайта төселуіне қатысты ақпаратқа түсініктеме берді.
Басқарманың мәліметінше, құрылыс барысындағы техникалық бақылау кезінде нысанның жекелеген учаскелерінде асфальтбетон жабынының сапасына қатысты кемшіліктер анықталған. Осыған байланысты мердігер ұйымға анықталған ақауларды жою туралы тиісті нұсқамалар берілген.
«Қазіргі уақытта мердігер ұйым асфальтбетон жабынын бұзу және қайта төсеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл жұмыстардың барлығы мердігердің шарттық және кепілдік міндеттемелері аясында өз қаражаты есебінен орындалуда. Аталған жұмыстарға қосымша бюджет қаражатын бөлу қарастырылмаған», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ басқарма қазіргі уақытта нысанның құрылысы толық аяқталмағанын және пайдалануға берілмегенін атап өтті. Қазіргі құрылыс-монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстары, сондай-ақ анықталған барлық кемшіліктерді жою жалғастырылып жатыр.
«Басқарма құрылыс жұмыстарының барысына тұрақты техникалық бақылау жүргізіп отыр. Барлық ескертулер толық жойылып, нысанның жобалық құжаттама мен құрылыс нормаларының талаптарына сәйкестігі расталмайынша, ол пайдалануға қабылданбайды», — делінген хабарламада.
Қала әкімдігі нысан жобада көзделген барлық жұмыстар толық әрі сапалы аяқталып, анықталған кемшіліктер белгіленген тәртіппен толық жойылғаннан кейін ғана пайдалануға берілетінін жеткізді.
Түйін
Сонымен, Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы әлеуметтік желіде тараған ақпаратты растады. Ведомствоның мәліметінше, құрылыс барысында асфальтбетон жабынының сапасына қатысты кемшіліктер анықталғандықтан, мердігер ұйым оны өз қаражаты есебінен сүріп, қайта төсеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл жұмыстарға бюджеттен қосымша қаражат бөлінбеген, ал нысан әзірге пайдалануға берілмеген.


