NoFake

Үйдің бұрынғы иесі келісімшартты «заңсыз» деп сотқа жүгінсе не істеу керек

Фото: depositphotos

Әлеуметтік желіде үйді сатып алған соң, бұрынғы иесі сотқа шағымданып, келісімшартты бұзғысы келетін жағдайлар жайлы жазбалар аз емес. Мұндайда ақшасын төлеп, үйді заңды түрде алған адам далада қалуы мүмкін бе? NoFake.kz бұл сұрақтың жауабын білу үшін Әділет министрілігіне жүгінді.

Скрин әлеуметтік желідегі жазбалардан

Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлидің айтуынша, мұндай заңсыздықтар шынымен де кездеседі, бірақ әр істің ақ-қарасын тек сот анықтайды.

Мұндай заңбұзушылықтар жекелеген жағдайларда кездесуі мүмкін. Егер ондай дерек анықталса, іс сотқа жолданады. Ал азаматтың кінәлі немесе кінәсіз екені сот шешімімен анықталады», – деді Талғат Уәли.

Сондай-ақ министрлік өкілі сатып алу-сату кезінде нотариус нақты не нәрсені тексеретінін және оның міндетіне не кіретінін түсіндіріп өтті:

«Нотариустар мәмілені рәсімдеу кезінде бейтарап болып, тек заң талаптарын басшылыққа алуға міндетті. Сатып алу-сату келісімшартын куәландырмас бұрын нотариус тараптардың әрекетке қабілеттілігін тексереді, олардың заңды келісімін алады. Сондай-ақ мемлекеттік деректер базасы арқылы мүліктің кімнің атына тіркелгенін, оған қатысты қандай да бір шектеулердің бар-жоғын және сатушының мәмілені ерікті түрде жасап отырғанын тексереді. Осыдан кейін ғана құжаттарды мемлекеттік тіркеуге жолдайды. Сондықтан нотариустың барлық әрекеті заң аясында жүзеге асырылады», – деді ол.

Алайда, егер үйдің заңсыз сатылып кетуіне немесе құжаттардың бұрмалануына нотариустың қатысы бар екені әшкереленсе, ол жауаптан қашып құтыла алмайды.

«Егер мүлік заңсыз түрде басқа адамның атына рәсімделіп, бұл іске нотариустың қатысы бары анықталса, іс сотта қаралады. Кінәсі дәлелденген жағдайда, жауапты тұлғалар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады», – деп түйіндеді Әділет министрлігінің ресми өкілі.

Айта кетейік, біз бұған дейін «Е-Заң көмегімен» адвокат кез келген азаматтың жеке деректерін біле алады деген рас па деген сауалға жауап берген болатынбыз.

Оқу үшін