NoFake

Вице-министр шахматшы Бибісара Асаубаеваның жалақысы неге азайғанын түсіндірді

Фото: Gov.kz

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі халықаралық гроссмейстер Бибісара Асаубаеваның Мемлекет басшысына жолдаған ашық үндеуіне қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды NoFake.kz

 Вице-министр Серік Жарасбаев спортшының жалақысына және Sport Qory қорымен жұмыс және мемлекеттік орденді табыстаудың кешігуіне қатысты негізгі уәждеріне жауап берді.

Қаржыландыру динамикасы: «Мемлекеттік қолдау жылдан жылға өсті»

Вице-министр соңғы үш жылда гроссмейстерді қолдауға бөліген қаржының жалпы көлемі тек өскенін атап өтті.

«Егер тек Спорт және туризмді қолдау қоры желісі бойынша алатын болсақ, онда 2024 жылы халықаралық жарыстарға дайындыққа 64 млн теңге бөлінді. 2025 жылы бұл сома 79 млн теңгеге жетті. Ал 2026 жылы – 100 млн теңге болды. Яғни, динамика айқын көрініп тұр», — деді вице-министр брифинг барысында.

Сондай-ақ спортшыға Қазақстан шахмат федерациясы (ҚШФ) тарапынан да қосымша материалдық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетіледі.

«Бұның бәрі біздің даңқты спортшымыздың халықаралық жарыстарға толыққанды дайындалып, өнер көрсетуіне бағытталған. Оны ол өз нәтижелерімен дәлелдеп те жүр», — деп толықтырды Жарасбаев.

Жалақы неліктен азайды?

Серік Жарасбаев Бибісара Асаубаеваның ай сайынғы еңбекақысының үш есе қысқарғанын Спорт туралы заңға енгізілген өзгерістермен байланыстырып отыр.

«2023–2024 жылдары ол Спортты дамыту дирекциясы желісі бойынша миллион теңге көлемінде жалақы алып тұрды. 2025 жылы басым спорт түрлері анықталған заң шықты. Шахмат бұл тізімге енген жоқ, өйткені ол кешенді олимпиадалық іс-шараларға жатпайды», — деп түсіндірді шенеунік.

Заңның жаңа талаптарына байланысты спортшымен келісімшарт бойынша бекітілген төлем қайта қаралған.

Сонымен қатар вице-министр спортшының е-Өтініш жүйесіндегі өтініштерінің жауапсыз қалғаны тураы мәлімдемесін теріске шығарды.

«Үш өтініштің үшеуін де жеке өзім мұқият зерттеп шықтым. Мамандармен бірге олардың әрқайсысына жауап дайындадық. Жауаптар e-Otinish жүйесі арқылы жолданды. Бірде-бір өтініш назардан тыс қалған жоқ. Біз үнемі байланыстамыз», — деп атап өтті вице-министр.

Бибісара неліктен осы күнге дейін «Барыс» орденін алмаған?

Асаубаева өз үндеуінде 2025 жылдың желтоқсанында Президент Жарлығымен берілген ІІ дәрежелі «Барыс» мемлекеттік ордені әлі алмағанын айтады.

Серік Жарасбаев бұл кідірістің тек уақыттың сәйкес келмеуінен және шахматшының әлемдік турнирлердегі тығыз графигіне байланысты болғанын түсіндірді.

«Жарлық шыққаннан кейін біз марапатты табыстау мәселесін бірнеше рет пысықтадық. Әртүрлі күндерді қарастырдық, соның ішінде марапаттауды 8 наурызға орайластырғымыз келді. Алайда Бибісараның халықаралық турнирлерге дайындық және қатысу графигі өте тығыз болды», — деп түйіндеді вице-министр.

Вице-министр Президент Жарлығының күшінде екенін, ал салтанатты марапаттау рәсімі Бибісара Асаубаеваның спорттық графигі ыңғайланған бойда міндетті түрде өтетінін жеткізді.

Оқу үшін