NoFake

Туристік және студенттік визалар тоқтатыла ма — АҚШ елшілігі жауап берді

Коллаж: Nofake.kz

АҚШ елшілігінің мәліметінше, B1/B2 және F санатындағы визаларды алу тәртібі өзгерген жоқ, деп хабарлайды NoFake.kz.

Әлеуметтік желілерде блогерлер мен кейбір интернет-басылымдар АҚШ елшілігі барлық санаттағы визаларды беруді уақытша тоқтатты деген ақпарат таратып жатыр.

Скрин әлеуметтік желіден

Алайда АҚШ елшілігі бұл мәліметті жоққа шығарып, B1/B2 (іскерлік және туристік) және F (студенттік) санатындағы визаларды алу тәртібі өзгеріссіз қалғанын мәлімдеді.

«B1/B2 (туристік/іскерлік) және F (студенттік) санатындағы визаларды алу тәртібі өзгерген жоқ. АҚШ визалары туралы қосымша ақпаратты АҚШ Мемлекеттік департаментінің сайтынан алуға болады», — деп хабарлады елшілік.

Жалған ақпараттың тарауына беделді халықаралық басылымдарда, соның ішінде The Washington Post, Financial Times және The Economist жариялаған материалдардың қате түсіндірілуі себеп болуы мүмкін.

Мәселен, The Washington Post АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің кейбір жағдайларда иммиграциялық виза алу үшін сұхбатқа жазылуды уақытша тоқтату туралы шешім қабылдағанын жазды. Билік бұл өзгерісті, соның ішінде өтініш берушілердің мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға тәуелді болу ықтималдығын тексеретін қызметкерлерді қосымша даярлау қажеттілігімен түсіндірген.

Скрин интернеттен

Ал иммиграциялық визалар бойынша сұхбатқа жазылудың қашан қайта басталатыны әзірге белгісіз.

Айта кетейік, бұған дейін, 21 тамызда Нью-Йорк округтік соты АҚШ билігінің 21 қаңтардан бастап 75 елдің, оның ішінде Қазақстан азаматтарына иммиграциялық виза беруді белгісіз мерзімге тоқтату туралы шешімінің күшін жойған.

«Сот бұл саясат заңға қайшы және АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиоға заңмен берілген өкілеттіктерден асыра қабылданған деп есептейді. Осыған байланысты аталған саясат Әкімшілік рәсімдер туралы заңға (Administrative Procedure Act, APA) сәйкес күшін жояды», — делінген судья Джаннетт Варгастың қаулысында.

21 қаңтардан бастап азаматтарына иммиграциялық виза беру уақытша шектелген елдердің қатарында Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Армения, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова және Өзбекстан болған.

АҚШ Мемлекеттік департаменті бұған дейін бұл мемлекеттерді «тәуекелі жоғары» елдер қатарына жатқызған. Дональд Трамп әкімшілігі ережелерді қайта қарауды АҚШ-қа келетін мигранттардың мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға тәуелді болмауын және «қоғамға масылға» айналмауын қамтамасыз ету мақсатымен түсіндірген.

Оқу үшін