Түркістан облысында пойыздың апатқа ұшырағаны рас па

Фото: Depositphotos
Желіде және кейбір БАҚ беттерінде «Саратов — Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызының Түркістан облысында рельстен шығып кеткені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды NoFake.kz.
Алайда бұл мәлімет ішінара қате болып шықты. NoFake.kz редакциясы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне хабарласып, бұл оқиғаның аталған өңір аумағында болмағанын анықтады.
«Аталған жайт Түркістан емес, Қызылорда облысының аумағында орын алған», — деп жауап берді Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Мира Сүлейменова.
Осы жайтқа байланысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми баспасөз баянын жариялады.
Оқиғаның мән-жайы
«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға бүгін, 16 маусым күні сағат 12:49-да болған.
«Шиелі – Түркістан аралығында №7/8 «Саратов – Алматы» бағытымен қатынайтын жолаушылар пойызының бір вагонының доңғалақ жұбы техникалық себептерге байланысты рельстен шығып кетті», — делінген ресми хабарламада.
Оқиға орнында жолаушыларға бірден медициналық көмек ұсынылды, алайда зардап шеккендердің болмауына байланысты олар дәрігер көмегінен бас тартқан.
Жедел қабылданған шаралар
Тасымалдаушы компания мәліметіне сәйкес қазіргі апат орнында салдарды жою жұмыстары жүріп жатыр:
Теміржол қозғалысын қайта жандандыру үшін оқиға орнына арнайы пойыз жедел жөнелтілді. Сапардағы жолаушыларды межелі жеріне жеткізу мақсатында қосымша пойыз тағайындалып, адамдарды отырғызу және жөнелту жұмыстары жедел ұйымдастырылды.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ келтірілген қолайсыздықтар үшін жолаушылардан ресми түрде кешірім сұрады.


