NoFake

Тоқаев ЖИ-ді жауапкершілікпен пайдалану мәдениетін қалыптастыруға шақырды

Aqorda.kz

Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамыту үшін халықаралық ынтымақтастық маңызды екенін айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану мәдениетін ілгерілетудің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, ЖИ жаһандық құбылыс болғандықтан, бірде-бір мемлекет оның әлеуетін жеке-дара толық пайдалана алмайды.

«Бізге халықаралық деңгейдегі білім алмасу, бірлескен зерттеулер, инвестициялар қажет. Технологиялық ынтымақтастық пен кадрлық әлеуетті дамытқан жөн. Қазақстан жасанды интеллектіні бейбіт мақсатта, қауіпсіз әрі жауапкершілікпен ілгерілетуді дәйекті түрде қолдайды», — деді Мемлекет басшысы.

Президент технология адамға қызмет етіп, өркениеттің дамуына ықпал етуге тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ ЖИ елдер арасында жаңа кедергілер мен алшақтық туғызбауы керек деді.

«Жасанды интеллект жікке бөлмеуі қажет. Технологиялық кедергілер елдердің арасын алшақтатып, дамуымызды баяулатады. Сондықтан бүгінде ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың қалыптасқан арналарын сақтау өте өзекті», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ЖИ мүмкіндіктері артқан сайын онымен байланысты қауіп-қатерлер де күшейетінін айтты. Оның сөзінше, киберқауіпсіздік, деректерді қорғау, ақпараттың сенімділігі, алгоритмдердің ашықтығы және қабылданатын шешімдер үшін жауапкершілік мәселелеріне баса назар аудару қажет.

«Шын мәнінде, жасанды интеллектіні қазіргі заманның мықты құралы, тіпті, қаруы деп те айтуға болады. Сондықтан оның әлемдік дамуға пайда немесе зиян әкелуі ең алдымен адамзатқа тікелей байланысты болмақ», — деді Президент.

Тоқаев осыған байланысты жасанды интеллектіні дамытуда технологиялық мүмкіндіктермен қатар, оны қауіпсіз әрі жауапкершілікпен қолдану қағидаттарын да қатар қалыптастыру маңызды екенін атап өтті.

Оқу үшін