NoFake

«Бәрі сенсе, демек рас»: топтың ықпалы адамды жалған ақпаратқа қалай сендіреді

Коллаж: NoFake.kz

Қайғылы немесе төтенше жағдай кезінде адамдар не себепті топтың ықпалына еріп, жалған ақпараттың жетегінде тез кетеді? NoFake.kz бұл сұрақты испаниялық психоаналитик, психология ғылымдарының докторы (PhD), Халықаралық психоаналитикалық қауымдастықтың тренинг-аналитигі Мануэль Мартинез Санчезге қойды.

Психоаналитиктің айтуынша, төтенше немесе қайғылы жағдай кезінде қорқыныш пен үрей адамның назарын тарылтады. Қауіп төнген сәтте ми ақпараттың қаншалықты дәл екенін тексеруден бұрын, қауіптен қорғануға басымдық береді

«Ми нақты қауіптің назардан тыс қалуына қарағанда, жалған дабылға жауап беруді қауіпсіз көреді. Мысалы, бұтақты жылан деп қабылдау оңай, ал керісінше, шынайы қауіпті байқамай қалу өмірге қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан алаңдаушылық тудыратын хабарламалар көбіне оны тексерместен, мимен бірден қабылданады», — деді ол.

Сарапшының сөзінше, қорқыныш сонымен қатар жағдайды тез арада түсіндіруге және бақылауды өз қолына алуға деген қажеттілікті тудырады.

«Осы қажеттілікті қанағаттандыратын кез келген әңгіме, тіпті ол жалған болса да, адамға жеңілдік сезімін береді. Психоаналитикалық тұрғыдан алғанда, қауесет — мазасыздықты жеңудің бір тәсілі. Мысалы, Мартел, Пенникук және Рэнд сияқты зерттеушілердің тәжірибесінде адам эмоцияға неғұрлым көп сүйенсе, соғұрлым жалған жаңалықтарға жиірек сенетінін көрсеткен», — деді ол.

Жарнамалау, насихаттау мен «макияж» эффектісі деген не?

Сарапшының пікірінше, адамдар әлемді «сол күйінде» қабылдамайды. Маман адамдар қоршаған ортаны белгілі бір ортада қалыптасқан санаттар мен бағалаулар арқылы қабылдайтынын айтады.

«Мысалы, әдемі, қауіпті, адам өзі қалайтын және шынайы деген ұғымдардың өзі ұжымдық түрде қалыптасады. Сондықтан жарнама, насихат және «макияж» эффектісі ұғымына түсініктеме бере кету қажет», — деді ол.

Оның сөзінше, жарнама тауар туралы жай ғана ақпарат бермейді.

«Ол өнімді адамның қалауымен, немесе белгілі бір ортаға тиесілі болу сезімімен байланыстырады. Насихаттау да дәл осындай мақсатты көздейді, яғни, адамға қандай да бір оқиға немесе құбылыс туралы жарнамалап қана қоймай, оны алуға үгіттеп, насихаттайды», — деді ол.

Маман сондай-ақ, адамдардың ақпарат пен айналасындағы адамдарды әрдайым тек фактілерге сүйеніп бағалай бермейтінін айтты.

«Оған алғашқы әсер, эмоция және қалыптасқан көзқарастар ықпал етуі мүмкін. Оны психологияда «макияж» әсері деп атайды. Яғни адамға тән бір ерекшелік оның басқа қасиеттерін де бағалауға әсер етеді. Мысалы, тартымды немесе өзіне сенімді көрінген адамға біз автоматты түрде ақылды, мейірімді не сенімді деп ойлаймыз. Алайда ол адам ондай болмай шығуы мүмкін. Ақпаратты қабылдауда да дәл солай. Біз әсерленіп берілген ақпаратты бірден қабылдап, соның жетегінде кетіп қалуымыз мүмкін», — деді ол.

Бір ақпаратты қайта-қайта көрсек, неге оған сене бастаймыз?

Сарапшының айтуынша, бір ақпаратты бірнеше рет естіген немесе көрген сайын ол адамға таныс болып, шындыққа көбірек ұқсай бастайды. Психологияда бұл құбылыс «иллюзиялық шындық әсері» деп аталады.

«Қайталанған ақпаратты ми оңай қабылдайды да, осы жеңілдікті оның шынайылығымен шатастыруы мүмкін. Сондықтан таныс ақпарат рас сияқты көрінеді. Зерттеулер бұл әсер адамның ақпараттың жалған екенін білген кезінде де пайда болуы мүмкін екенін көрсеткен», — деді Мануэль Мартинез Санчез.

Оның сөзінше, жалған ақпараттың қайта-қайта таралуы оның адамдарға сенімді көрінуіне ықпал етуі мүмкін.

Қорқыныш жұқпалы ма: адамдар неге жаппай жалған ақпаратқа сенеді?

Сөз соңында сарапшы адамдардың жалған ақпаратқа сенуі әрдайым білімнің немесе ақылдың жетіспеуінен емес екенін атап өтті. Ол адамның ақпаратты қабылдауы оның эмоциялық жағдайына, қалыптасқан көзқарасына және айналасындағы адамдардың пікіріне тікелей байланысты екенін жеткізді.

«Біз жалған ақпаратқа ақымақ болғандықтан сенбейміз. Себебі адам психикасы ең алдымен шындықты іздеуге емес, аман қалуға және белгілі бір ортаға тиесілі болуға бейімделген. Қорқыныш пен ашу пайымдауды жылдамдатады, қайталау ақпаратты таныс етіп көрсетеді, растау әсері адамның қалыптасқан көзқарасы мен болмысын қорғайды, ал топтың қысымы ортадан шеттетіліп қалу қаупін тудырады» — деді ол.

Жалған ақпаратқа сену әрдайым адамның біліміне немесе ақпаратты ажырата алмауына байланысты емес. Қорқыныш пен ашу асығыс шешім қабылдауға итермелесе, бір ақпараттың қайта-қайта айтылуы оны шындыққа ұқсатып көрсетеді. Ал топтың пікірі мен одан шет қалу қорқынышы адамның көпшілікке қосылуына әсер етуі мүмкін. Сондықтан сарапшы сыни ойлау үшін ақпаратты тексерумен қатар, эмоцияға берілмей, белгісіздікке төтеп бере білу де маңызды екенін атап өтті.

Оқу үшін