TikTok-та жеңілдікпен фейк диван сатқан жамбылдық 2,5 жылға сотталды

Жамбыл аудандық соты TikTok әлеуметтік желісі арқылы жиһаз сатамын деп сатып алушыны алдаған азаматшаға қатысты қылмыстық істі қарады. Ол ақпараттық жүйені пайдаланып алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот мәліметінше, 2026 жылдың сәуірінде сотталушы TikTok-та өзін сатушы ретінде таныстырып, жиһаз сату туралы хабарландыру жариялаған. Жәбірленуші акциямен 60 мың теңгеге сатылып жатқан диванға қызығып, хабарландыруда көрсетілген телефон нөміріне хабарласқан.
Сотталушы алдын ала төлем жасау керек деген сылтаумен сатып алушыны 25 мың теңгені басқа адамның шотына аударуға көндірген. Алайда ақша аударылғаннан кейін диван жеткізілмей, «сатушы» байланысқа шықпай қойған. Алданғанын түсінген әйел полицияға жүгінген.
«Кінә тараптардың, куәлердің айғақтарымен, банктердің чектері мен үзінділерімен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді», – деп хабарлады сот.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірген және жәбірленушіге келтірілген материалдық шығынды өтеген. Сот бұл жағдайларды жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді. Алайда айыпталушының бұған дейін де алаяқтық жасағаны үшін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны және жазасын өтеу кезінде қайтадан ұқсас қылмыс жасағаны анықталды.
«Сот үкімімен А. ҚК 190-бабы 2-бөлігінің 4) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған үкімдердің жиынтығы бойынша 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – делінген сот хабарламасында.
Айта кетейік, сот процесінде прокурор айыпталушыны 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұраған. Үкім заңды күшіне енді.


