«Тиімді инвестицияға» сенген ақмолалық 20 млн теңгеден астам ақшасынан айырылды

Фото: depositphotos
Ақмола облысында 63 жастағы әйел интернеттегі «тиімді инвестиция» туралы жарнамаға сеніп, алаяқтарға 20 млн теңгеден астам қаражат аударған. Полиция аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Оқиға Ерейментау ауданында болған. Полиция мәліметінше, әйел интернеттен қысқа мерзімде жоғары табыс табуды ұсынған инвестициялық жарнаманы көрген. Артынша онымен өзін инвестициялық компанияның менеджерлері ретінде таныстырған белгісіз адамдар байланысқа шыққан.
«63 жастағы әйел интернеттен жоғары пайда табу уәде етілген, «тиімді инвестиция» туралы жарнаманы көрді. Көп ұзамай оған инвестициялық компанияның жалған менеджерлері хабарласып, ақша салуды бастауға көндірген. Алаяқтар бірнеше ай бойы әртүрлі сылтаулармен кірісті ұлғайту, комиссияларды төлеу, құжаттарды ресімдеу, қаражатты жеткізу және басқа да шығындар үшін жаңа аударымдарды талап еткен»,-делінген хабарламада.
Алаяқтар кірісті көбейту, комиссия төлеу, құжаттарды рәсімдеу және қаражатты жеткізу үшін ақша қажет екенін айтқан. Жәбірленуші оларға жинаған ақшасын аударып қана қоймай, бірнеше несие де рәсімдеген. Нәтижесінде уәде етілген табысты ала алмай, жалпы 20 млн 660 мың теңгесінен айырылған. Алаяқтық фактісі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеу бастады.


