Telegram мен WhatsApp арқылы заңсыз вейп сатқан астаналықтар ұсталды

Фото: Depositphotos
Астанада тыйым салынған өнімді Telegram, WhatsApp және Zangi арқылы сатқан топтың банк шоттарынан 3,2 млрд теңгеден астам қаражат өткені анықталды, деп хабарлайды NoFake.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
«Жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз сауданың 25 дерегін тоқтатты. Қазір 37 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Заңсыз айналымнан 276 мыңнан астам электронды тұтыну жүйесі тәркіленді. 18 адамға қатысты 14 қылмыстық іс сотқа жолданды», – деп хабарлады агенттік.
Астанада ҚМА департаменті вейптердің заңсыз айналымын ұйымдастырған қылмыстық топтың әрекетін тергеп жатыр. Өнімдерді сақтау үшін жалға алынған қоймалар мен кеңселер пайдаланылған. Сауда интернет-дүкендер, сондай-ақ Telegram, WhatsApp және Zangi мессенджерлері арқылы жүргізілген.
«Із жасыру үшін жеке кәсіпкердің банк шоттары қолданылған. Ал сатып алушыларға “тұрмыстық техника сатып алдық” деп айту ұсынылған. Бұл шоттар арқылы өткен ақша көлемі 3,2 млрд теңгеден асқан», – делінген ҚМА хабарламасында.
Қарағанды облысында Telegram-да вейп сататын интернет-дүкен ұйымдастырған адамдар 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына сотталды. Олар төрт қойманы, интернет-дүкен операторларын және курьерлерді пайдаланып, заңсыз сауда жүргізген. Тінту кезінде құны 340 млн теңге болатын 30 мыңға жуық электронды тұтыну жүйесі тәркіленді. Ұлытау облысында вейптерді «дропперлер» арқылы заңсыз сатуды ұйымдастырған екі тұрғынға қатысты да айыптау үкімі шықты. Олар ақшаны алу және аудару үшін курьердің атына рәсімделген банк шотын пайдаланған.
Сот олардың әрқайсысына төрт жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, қылмыстық жолмен түскен табысты тәркілеу туралы шешім шығарды.
Қаржылық мониторинг агенттігі электронды тұтыну жүйелерін заңсыз әкелу, сақтау, тасымалдау және сату, сондай-ақ мұндай әрекеттен түскен табысты заңдастыру қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертті.


