Таразда автокөлік менеджері 334 млн теңгеге алаяқтық жасаған

Фото: depositphotos
Таразда автосалонның бұрынғы сату бөлімінің басшысы клиенттер мен компанияны 334 миллион теңгеден астам шығынға ұшыратқан алаяқтық ісі бойынша сотталды, деп хабарлайды NoFake.kz.
«Іс материалдарына сәйкес, 25 жастағы азамат клиент әйелге құны 90 миллион теңгелік көлігін жаңасына ауыстырып беремін деп уәде берген. Алайда оның көлігін сатып жіберіп, түскен ақшаны жеке қажетіне жаратқан. Кейін автосалон басшылығының рұқсатынсыз компанияға тиесілі құны 83 миллион теңге болатын жаңа көлікті клиентке берген»,- делінген ресми хабарламада.
Сонымен қатар ол автосалонда сатуға қалдырылған құны 68 миллион және 34 миллион теңге тұратын көліктерді сатып, қаражатты иемденген. Тергеу барысында автосалонға тиесілі жаңа Toyota Land Cruiser көлігін де төмен бағамен сатып жібергені анықталған.
«Сотталған адам аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау және сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп, жымқыру фактілері бойынша кінәлі деп танылды. Келтірілген шығын толық өтелмегендіктен, прокурорлар сот актісіне кассациялық өтінішхат енгізді.Кассациялық сот прокурордың уәждерін негізді деп танып, бас бостандығынан айыру мерзімін 8 жылға дейін ұлғайтты», — деп мәлімдеді Бас прокуратура.
Қадағалау органы азаматтарға көлік сатып алу кезінде келісімшарттарды мұқият тексеріп, төлемнің компанияның ресми шотына түскеніне көз жеткізуге кеңес берді.


