NoFake

Тәтті сусындардың қаупі қандай: Министрлік кеңес жариялады

Фото: depositphotos

Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті қазақстандықтарға қант құрамды сусындарды тұтынуды азайту бойынша кеңес берді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Мамандардың айтуынша, тәтті газдалған сусындар, энергетиктер мен қалпына келтірілген шырындарды жиі ішу семіздік, II типті қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары және тіс жегісінің қаупін арттырады.

Комитет дерегінше, 330 мл көлеміндегі бір бөтелке газдалған сусынның құрамында 10 шай қасыққа дейін қант болуы мүмкін. Бұл бір күнге ұсынылатын мөлшерден асып түседі.

Осыған байланысты ведомство тәтті сусындарды азайтудың бірнеше қарапайым тәсілін ұсынды. Атап айтқанда, өнімнің қаптамасындағы қант мөлшерін тексеру, тәтті сусындардың көлемін біртіндеп қысқарту және шырындарды сумен араластырып ішу ұсынылады.

Сондай-ақ мамандар сироп қосылған кофе сусындары мен энергетиктерден бас тартуға кеңес береді. Себебі мұндай сусындардың бір порциясында тәуліктік қант мөлшері болуы мүмкін.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы еркін қанттарды тұтынуды тәуліктік рацион калориясының 5%-ынан асырмауға кеңес береді. Бұл күніне шамамен 25 грамм немесе 6 шай қасық қантқа тең», — делінген комитет хабарламасында.

Ведомство балалардың тамақтануына ерекше назар аудару қажет екенін де ескертті. Екі жасқа дейінгі балаларға қосылған қант бар өнімдерді беру ұсынылмайды.

Оқу үшін