Студенттерге жатақхана жетпейді — шындық

Фото: pixabay.com
ҚР ҒЖБМ Жоғары және ЖОО-дан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан студенттерге арналған жатақханаларда 5176 орын жетпейтінін растады, деп хабарлайды Nofake.kz.
Ведомство өкілінің айтуынша, бұл мәселе бүгінгі таңда біртіндеп шешімін тауып жатыр.
«Бұдан 3 жыл бұрынғы тапшылықты көрсеңіздер, 100 мыңның үстінде болатын. Бұл мәселе біртіндеп шешімін табуда. Мәселен, мемлекеттік және жекеменшік әріптестік аясында біздің инвесторлар жекеменшік жатақханалар салуда. Себебі, университеттердің жанындағы жатақханаларда әрине орын барлық студенттерге жетпейді. Бірақ МЖӘ шеңберінде әр университетте оқитын студенттерге мемлекет тарапынан қаржы бөлінеді. Яғни, оны салған азамат ол жатақханада міндетті түрде студент жастардың тұруын қамтамасыз етеді», — деп түсіндірді ол.
ҚР ҒЖБМ Жоғары және ЖОО-дан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан кәсіпкерлер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жатақхана ғимараттарын қалай салатынын атап өтті.
«Көптеген кәсіпкерлер өздерінің ғимараттарын реконструкциялау арқылы да қазір жекеменшік жатақханаларды салуда. Бұл жерде Алматы, Астана қалаларында Үкімет тарапынан жұмсалған инвестициясын 6 жыл ішінде қайтарып алуға және онда тұрған әрбір студентке қаражат бөлінеді», — деді ол.
Ол жатақхана тапшылығы мәселесі неден туындап отырғанын да түсіндірді.
«Бүгінгі таңда мектеп бітіруші түлектердің саны артып отыр. ҰБТ тапсырушылардың саны да былтырмен салыстырғанда 30 мыңға жоғары. Сондықтан олар грантқа ілікпесе де, бізге ақылы түрде келеді. Жалпы бұл проблема Үкімет тарапынан жүйелі түрде шешілуде», — деді ол.
Айта кетейік, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ҰБТ мен оны тапсырудағы өзгерістерге қатысты жауап берген еді.


