SMS-бластер: Қазақстанда фишингтік қылмыстық топ қолға түсті

Скрин видеодан
Қазақстанда азаматтардың жеке деректері мен ақшасын ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды NoFake.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, операция Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының үйлестіруімен және «TELE2» ұялы байланыс операторының киберқауіпсіздік мамандарының қатысуымен жүргізілген.
«Қылмыстық топ ұялы байланыс операторларының базалық станцияларының жұмысын имитациялайтын арнайы құрылғы — SMS-бластерді пайдаланған. Бұл құрылғы 300 метр радиуста қуатты сигнал таратып, абоненттердің телефондарының қорғанысы әлсіз желіге автоматты түрде қосылуына мүмкіндік берген», — деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.
Нәтижесінде пайдаланушылардың телефондарына жаппай жалған SMS-хабарламалар жіберілген. Құрылғы байланыс операторларының қорғанысын айналып өтіп, сағатына 100 мыңға дейін хабарлама тарата алған.
Қаскөйлер әрекетін жасыру және ауқымын кеңейту үшін құрылғыларды автокөліктерге орнатып, қозғалыс барысында, әсіресе адамдар көп жиналатын орындарда — базарлар мен сауда орталықтарының маңында пайдаланған.
Хабарламалар «Beeline» және «Halyk Bank» атынан жіберілгендей көрініп, бонус айырбастау ұсынылған. Сілтемеге өткен азаматтар фишингтік сайттарға кіріп, жеке және банктік деректерін, соның ішінде карта нөмірі мен CVV-кодты, сондай-ақ SMS арқылы келген растау кодын енгізген.
«Осылайша қаскөйлер азаматтардың құпия ақпараты мен банктік қаражатына заңсыз қол жеткізген. Жедел іс-шаралар нәтижесінде олар схема толық іске қосылмай тұрып анықталып, ұсталды. Бұл ауқымды қаржылық шығындардың алдын алуға мүмкіндік берді», — деп мәлімдеді агенттік.
Қазіргі уақытта төрт күдікті ұсталып, қамауға алынған. Тергеу жалғасып жатыр.


